140-тан астам көлік қазақ-өзбек шекарасынан өте алмай тұр - Оқиға|23 Тамыз 2012, 14:42
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

140-тан астам көлік қазақ-өзбек шекарасынан өте алмай тұр

 Астана.23 тамыз. BAQ.kz -  Қазақ-өзбек шекарасының «Б.Қонысбаев» кеден бекетінде Өзбекстан Республикасына жол тартқан 140-тан астам автокөліктер жиналып, кеденнен өту кезегін күтіп тұр.

Бұл кептеліс 2012 жылдың 1 тамызынан бастап өзбекстандықтардың жүк тасымалына қатысты заңға өзгертулер енгізілуіне байланысты болып отыр. Заңның жаңа талаптарына сәйкес, халықаралық жүк тасымалымен айналысатын шетелдік тасымалдаушылар Өзбекстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өту үшін Ташкент қаласында орналасқан уәкілетті органнан арнайы рұқсат алуы қажет.

Діттеген жеріне жете алмай, шекарада тұрған жүк тасымалдаушылары көліктегі тауарларының жарамдылық мерзімінің аяқталып келе жатқандығы мен рұқсат қағаздарының, виза мерзімдерінің аяқталуына алаңдаушылық білдіруде. Егер, бұл құжаттардың мерзімі өтіп кететін болса олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеулері мүмкін. 

Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаменті тауарларды жеткізу мерзімдерін ұзарту бойынша шаралар қолдануда.Кеден бекетінің бастығы көршілес елдің кеденшілермен екіжақты кеден органдарының әрекеттесуі мақсатында бірнеше кездесулер өткізді.

Еліміздің сол аймақтағы кеден мамандары Ташкент облысы бойынша мемлекеттік кеден комитетінің басқармасына қалыптасқан жағдай жөнінде ақпарат пен автокөлік құралдарын тасымалдауды тездету және оларды өткізу пункттері арасында орналастыруды реттеуді сұрап хат та жолдады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер