Астана. 18 қараша. Baq.kz - Дәл қазір әлемде жаһандық күйзелістердің қордаланған уақыты. 15-ке жуық мемлекетте азаматтық соғыстар, 30-ға жуық мемлекетте ашаршылықпен жұқпалы аурулар белең алған. Соңғы 50 жылда әлемге үлгі болып келген Еуропа елдері өзінің біршамасында рецессия жарияланып, халқының басым бөлігін жұмыссыздық жайлады.
Геосаяси қатынастар күшейе бастады. Ғасырлап тату келген кейбір елдер енді өзгеше саясат ұстанып, саяси сахнадағы жағдайларға байланысты даму барысын өзгертті. Сондықтан мемлекет басшысы ғаламдық дағдарысқа алдын ала дайындығымызбен төтеп беретінімізді ерте ойлап, ерте қамданды. Биылғы жолдаудың да танымдық тақырыбы өзгеше. Онда елдің ішкі және сыртқы дамуын, әлеуметтік жағдайдың оңтайлануы барынша қарастырылған. Мемлекеттің мемлекет болып қалыптасып, аяғына нық тұруы үшін тас жол, темір жол, әуе жолдары барлық сапаға сай болуы керектігі бұл жолы баса айтылды. Республикамыздың қала аралық, облыс аралық жолдары түгел жақсартылуы тиіс. Облыс арасындағы қатынас жақсарып, ішкі алыс-беріс жоғары деңгейге көтерілсе, екіншіден сол жол бойындағы елді мекендердің халқы жұмыспен қамтылатыны тағы бар. Ал, шойын жолға келсек, тек өткен жылдың өзінде Қытай мен Қазақстан арасында жаңа бағыт ашылды. Екі ел Президентінің қатысуымен «Өзен-Түркіменстан мемлекеттік шекара» учаскесі де іске қосылды. Тұтастай алғанда бүкіл Каспий маңы аймағының стратегиялық маңызы арта түсті десек, артық айтпаспыз. Күні кеше Батыс Қазақстан орталығындағы Орал қаласының әуежайы күрделі жөндеуден өтіп, ішкі және халықаралық әуе тасымалы жаңа сатыға көтерілді. Елбасы осындай игі шалараларды көбейтіп, үкіметке пәрмен беріп отыратынына біз қашанда куәгерміз. Бұл жолы да алға қойылған мақсат оңай емес, десек те, көп болып жұмылып, жоспарланған уақытқа дейін барлық межені аяқтау халықтың қолында. Сондықтан мемлекет басшысының биылғы жолдауының мазмұны терең, мақсаты айқын және елімізді биік белестерге бастайтына өз басым кәміл сенемін.
Ғани ЖАПИШЕВ
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!