BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жамбылда жаңа 9 мектеп ашылды

Фото: Автор

Жамбыл облысында жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Бұл жөнінде қаладағы «Бәйтерек» ықшам ауданында №3 мектеп-лицейдің ашылу салтанатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Өткен жылдың жетістіктерін біз дәстүрлі түрде кешегі тамыз конференциясында айттық. Тек қана жетістіктер емес, сондай-ақ, облысымыздағы білім саласында қандай проблемалар бар екені де айтылды. Бір сөзбен айтқанда, білім саласының маңыздылығы ескеріле отырып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек жылдан-жылға ұлғайып келеді. Оны біз өз облысымыздан да көріп отырмыз. Биыл жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Соның бірі бүгін сіз бен біз ашылуына қатысып отырған №3 мектеп-лицей. Білімнің мемлекет үшін, қоғам үшін маңыздылығын айтпаса да белгілі. Сондықтан бүгінгі білім күнінде сіздер мектеп қабырғасындағы әр күндеріңізді бос өткізбей, сапалы білім мен тәлім-тәрбие алуларыңызға шын жүректен тілектеспін. Әсіресе, бүгін бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер үшін осыны тілейміз. Ұлағатты ұстаз, көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің сөзімен айтқанда, осы жердегі тәлім-тәрбие мен білімді ықыласпен көңілдеріңізге тоқып, еліміздің үлкен азаматтары болуларыңызға біз тілектеспіз», - деген облыс әкімі оқушылар мен ұстаздарға ақ жол тіледі.

Мырзахметовтың айтуынша, биыл Жамбыл облысы бойынша 26 мың бала мектеп есігін алғаш рет ашқалы отыр. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 25 мың шегінде болған.

Айта кету керек, білім ордасының құрылысы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп отыр. Ғимарат құрылысының жобалық құны 1,8 млн теңгені құрайды.

Жалпы аумағы 40 мың шаршы метрден асатын мектеп құрылысын қаладағы «Тараз Құрылыс Инвест» компаниясы жүргізген. Серіктестік директоры Дана Жұмабаеваның айтуынша, бұл облыстағы ең үлкен білім мекемелерінің бірі болып табылады.

«Бүгінгі Білім күніне орай облыстағы ең үлкен 1200 орындық мектеп-лицейді пайдалануға бергелі отырмыз. Білім ошағы 7 блоктан тұрады. Ішінде 350 орындық акт залы, 400 орындық асхана мен 2 блоктан тұратын спорт залы бар. Сондай-ақ, шеберхана және сыртқы спорт алаңдарымен жабдықталған», - деді Дана Жұмабаева.

Сонымен қатар, мектеп жаңа модификациялы физика, химия, биология, лингафонды-мультимедиялық, компьютерлік кабинеттермен, кітапхана және 46 орынға арналған оқу залымен жабдықталған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер