Үшінші қалада үнем де көп, үй де көп - Нұрлы жол|31 Шілде 2015, 15:01
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Үшінші қалада үнем де көп, үй де көп

Астана. 31 шілде. Baq.kz – Қала дегеніңіз де тура бала сияқты. Баланы жұтындырып киіндіріп қойсаңыз қалай сүйкімді көрінеді, қала да солай, «үсті-басына» қараған сайын, «киімдерін жаңартқан» сайын жарқырай береді, құлпыра береді. Бала ананың аялы алақанын қалай сезетін болса, қала да өзінің қараушысының жанашырлығын солай сезеді. Адамдарға мұны сезу үшін ақылдан бұрын жүрек керек. Жә, ол өз алдына бөлек әңгіме... 

Ресми-бейресми тілде «үшінші қала» аталып жүрген Шымкенттің соңғы екі-үш жылдың көлемінде өз қараушысының қамқор қолын кәдімгідей сезе бастағаны байқалады. Осыған дейін өркениетті қаладан гөрі нән ауылға көбірек ұқсаңқыраған Шымкентіңіз бүгінде жұтынып тұр. Қаланың қазіргі әкімі Дархан Сатыбалды сөзге жоқ болғанмен, іске шешен болып шықты. Үшінші қаланың үндемей жүріп іс бітіретін әкімі әлдебір әріптестері секілді өзін-өзі көрсетуге жоқ. Өрекпімейді. Астанадан арнайылап келген біздің өзімізге сұхбат беруден тартынды. Сондағы айтқан лебізі – «ұят болады!» деген жалғыз ауыз сөз. Несі ұят болатынын... Біз де ол кісіге «айналаңыздың бәрі «газетке Пәленше әкім шыққанда мен неге шықпаймын?» деп жүргендер емес пе?!» дегенді айтқанды артық көрдік.

 

Шымкенттің қалай көркейіп келе жатқанын Елбасы Оңтүстікке келген соңғы екі сапарында да егжей-тегжейлі айтты. Ендеше, «соңғы жылдары мұнда драма театры, кітапхана, көрме залы, екі бірдей мұражай, т.б. нысандар ашылды» деп судырата беруден біз де аулақпыз. Оның бәрі жоғарының бақылауында тұрған мәселелер. Ол жұмыстарды Д. Сатыбалды істемесе басқа әкімдер істер еді. Гәп – қалаға деген жанашырлықта, тұрғындарға деген қамқорлықта. Ал, бұл мәселе екі әкімнің бірінің қолынан келмейді.

Тапсырманы орындаушылар бар, жұмысты жаны ашып істеушілер бар. Дархан Сатыбалды біздіңше соңғы топқа кіреді. Іске жанашырлықпен кіріскеннен кейін шығар, өткен жылдың өзінде ғана облыс орталығында жаңадан 46 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Ал, биыл ғой 8 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 449 шымкенттік қоныс тойын тойлады. Білуімізше, Дархан Сатыбалды жас кезінде өмірдің талай өткелектерінен өткен. Содан да шығар, бүгінде Шымкентте тек жас отбасыларға арналған бір тұрғын үйдің құрылысы басталды. Мұнда 216 жас отбасы қоныстанады деп күтілуде. Әрине, осынша ауқымдағы жұмыстардың бәрін атқару оңай емес. Мұның бәрінің үдебәрәсінен шығу үшін үлкен қаржы керек. Ал, қаржы дегеніңіз ең бірінші кезекте үнемшілдің қолына қонақтайды. Дархан Сатыбалды – үнемшіл әкім. Бұдан шығатын қорытынды, Шымкентте салынып жатқан үй де көп, үнем де көп.

Болатын жұрттың басшылары халықтың тек асқазанын тойдыру үшін ғана емес, оның руханиятын тойдыру үшін де жұмыс істесе керек. Бүгінде бір Шымкенттің өзінде 38 кітапхана жұмыс істеп тұр. Ондағы жалпы кітап қоры 908598-ді құрайды. Қалалық бюджеттен есепті кезең ішінде кітапханаларға 32359,0 мың теңге қаражат бөлінді. Кітапханалар жүйесінде 63 компьютер жұмыс істеп тұр, оның 23-і интернетке қосылған. Кітапханалардың барлығы да жұмыстарын «РАБИС каталогизаторы» бағдарламасы бойынша жүргізеді.

Бір Шымкенттің өзінде ғана 126 мектеп бар. Кейбір облыстардағы мектептердің саны осының жартысының төңірегінде ғана. Аз мектепте – аз проблема, көп мектепте – көп проблема. Қисынға салсақ осылай болуы тиіс. Алайда, Шымкент жұртшылығы қандай проблеманы да ретін тауып шеше біледі. Мәселен, мұнда білім қоры құрылып, оған 382 млн. 986 мың теңге қаражат қаралған. Бұл қаражат әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалардың ыстық тамағы үшін жұмсалады.

Қоғам азса жұмысы жоқтықтан азады. Жұмыссыздық қылмысты тудырады. Демек, қылмыспен күресу үшін әуелі жұмыссыздықпен күресу керек. Шымкентте жыл басынан бері ғана 949 жас түлек жұмыспен қамтылыпты.

Сөзіміздің басында Шымкенттің соңғы екі-үш жылдың көлемінде жұтынып шыға келгенін айттық. Қаланың әсем кейіпке енуі тек салынып жатқан жаңа нысандарға ғана байланысты емес екен. Қаланың шырайын ең алдымен тұрғындарға деген жанашырлық кіргізеді екен. Әйтпесе әдемі қалалар аз ба?..

Бақытжан ТҰРЛЫБЕКОВ 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер