«Нұрлы жолға» бөлiнген қыруар қаражат игерiлмей жатыр - Нұрлы жол|20 Қазан 2016, 16:55
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Нұрлы жолға» бөлiнген қыруар қаражат игерiлмей жатыр

«Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасына Ұлттық қордан бөлiнген миллиардтаған қаражат игерiлмей жатыр. Бұған қоса қаржыны басқа мақсатқа жұмсау фактiлерi де бар. Бұл туралы бүгiн Мәжiлiстегi «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтiлген отырысында «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылау жөнiндегi комиссияның жетекшiсi Нұртай Сабильянов мәлiмдедi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Комиссияның жұмысы барысында жүйелi мәселелер анықталды. Олар жобаларды жоспарлау және басқару сапасының төмендiгi, атап айтқанда, конкурстық рәсiмдердi кеш өткiзу, жұмыстарды орындау кестесiнiң бұзылуы болып отыр. Осының салдарынан бөлiнген қаражат толық игерiлмейдi», - дедi Н.Сабильянов.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтiк инфрақұрылымды дамытуға 2015 жылы 19 млрд теңге, 2016 жылы 58 млрд бөлiнiп отыр. Осы қаражатқа 77 мектеп пен 19 балабақша салу жоспарланған. Бiрақ биылғы жылға бөлiнген қаржының 95 пайызы игерiлмептi.

«Ұлттық қордан бөлiнген қаражаттың дұрыс, тиiмдi пайдаланылмау себептерiне тоқталсақ, бiрiншiден, мердiгерлер арасында дау туындап, олардың сотта қаралуы, екiншiден, құрылыс-монтаж жұмыстарының кестеден қалуы және шарттардың кеш жасалуы болып табылады. Осы бағыт бойынша 13 жоғарғы оқу орнында 26 зертхана құруға 2016 жылы 3 млрд теңге бөлiнген. Осы қаражаттың 2,6 млрд теңгесi ғана игерiлген», - деп мәлiм еттi комиссия жетекшiсi.

Сондай-ақ, депутат «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында индустриялық жобаларды жүзеге асыру көзделгенiн айта келе, олардың болашағына да күмән келтiрдi. Атырау облысында құны 233 млрд теңге болатын «Ұлттық өнеркәсiптiк мұнай-химия технопаркi» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым нысандарын салуға 2014-2016 жылдары республикалық бюджеттен 103 млрд теңге бөлiнген. Былтыр 21 млрд теңге игерiлмесе, биыл 17 млрд теңге жұмсалмайды деп болжанып отыр.

«Екiншi, жалпы құны 83 млрд теңге болатын «Қорғас-шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым объектiлерiн салуға Ұлттық қордан 17 млрд теңге бөлiнген. «Қазақстан темiр жолы» компаниясы қалған қаражатты берген. Жоба аясында құрлықтағы порттың құрылысы аяқталған. Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын салу қазiр аяқталу сатысында. 68 объектiнiң 17-сiнiң құрылысын жылдың соңынай дейiн аяқтау көзделiнiп отыр», - дедi ол.

Ал кәсiпкерлiктi дамытуға бөлiнген қаражат басқа мақсатқа пайдаланылған.

«Жеңiлдетiлген кредиттердi мақсатсыз пайдалану бойынша 8,9 млрд теңгеге заң бұзушылықтар анықталған. Яғни, қаражат мақсатына сай тиiмдi жұмсалмады деген сөз. Мұндай кәсiпкерлiк несие беру себептерi, қаражаттың қайтарылуы және несиелердi берудi қолдаған қызметкерлердiң жауапкершiлiгi туралы мәселелер ашық күйiнде қалып отыр. Бұл мәселеге толық мониторинг жүргiзу керек деп есептеймiз», - дедi комиссия басшысы.

Айта кетейік, Президент «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бөлінген барлық деңгейдегі қаржының тиімді әрі уақытында жұмсалуын қатаң бақылауды партияға тапсырған болатын. Өткен жылы осы мақсатта Мәжіліс пен мәслихаттардағы партия фракциясы жанынан бағдарламаның 5 негізгі бағыты бойынша комиссия құрылды. Шамамен 400 нысан бақылауға алынған.

«Елбасымыз жаһандық экономиканы жайлаған дағдарысқа қарамастан «Нұрлы жол» бағдарламасына миллиардтаған доллар көлемінде қаржы бөлгізді. Сол орасан зор қаражатқа атқарылған жұмыстың сапасы, мерзімі және мақсатты игерілуінде өрескел қателіктер жіберілуде. Енді бұл мәселе ұдайы партия бақылауында болады. Халыққа арналған әрбір теңге сол халықтың игілігіне айналуы тиіс. Сондықтан «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар мен барлық партия ұйымдарына аталған мәселелерді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Бұл бағдарламаның әрдайым Елбасының ерекше назарында болатынын ұмытпаңыздар», – деді «Нұр Отан» фракциясының кеңейтілген отырысын қорытындылаған партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер