Астана. 18 қараша. Baq.kz – Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған соңғы Жолдауында қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін толыққанды шешуді үкіметке тапсырған болатын. Бұл ретте пәтерлер алғашқы жарнасыз және 1-2 пайыздық үстемемен беріледі деді Елбасы өз сөзінде. Бүгін ОКҚ брифингіне қатысқан «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасы Болат Палымбетов аталған баспаналардың тұрғындарға делдалсыз жететінін мәлімдеді.
- Қазіргі кезде елімізде саудаланып жатқан баспаналар мен салынған үйлер нарықта делдалдар арқылы саудаланатыны жұртқа жария шығар деп ойлаймын. Тіпті, жаңадан салынған үйлердің өзі ипотека арқылы арадағы делдалдардың себепкерлігімен сатылады. Бұл жерде бағаның құбылуы мен жоғарылауына нарықтың ықпалы зор болатыны сөзсіз. Ал, енді біз салып жатқан үйлердің бағасы қалай анықталады? Құрылысқа жұмсалған материалдар құны мен қызмет ақысы ғана есептеп шығарылады. Яғни, делдалдар мен банктің пайыздық үстемақысынсыз белгілі бір мөлшерде төмен болатыны белгілі, - дейді Болат Әбілқасымұлы.
Сонымен қатар, брифинг барысында «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ өкілдерінің мәлімдеуінше, аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде құрылыс салушылармен бірлесе отырып, Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз қалаларында және Алматы облысында Алматы қала маңы аймағында тұрғын үй құрылысы жобалары бойынша қаржыландыру шарттарын жасаған. Осылайша, салынған ғимараттардың жалпы ауданы 410 мың шаршы метр болса, оның ішінде Жылжымайтын мүлік қорының тұрғын үйлерінің үлес салмағы 315,57 мың шаршы метрге тең болғандығын тілге тиек етті.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!