Сауда-саттықтың артуы ШЫҰ еркін сауда аймағын құруға септiгiн тигiзедi - Назарбаев - Нұрлы жол|09 Маусым 2017, 16:10
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сауда-саттықтың артуы ШЫҰ еркін сауда аймағын құруға септiгiн тигiзедi - Назарбаев

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Болашақта Шанхай ынтымақтастық ұйымының еркін сауда аймағы құрылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитi барысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Біздің ұйым аясында экономикалық кооперацияларды ілгерілету мәселелеріне айрықша назар аудару аса маңызды. Ол үшін жаңа институттық мүмкіндiктер құрылуда. Біріншіден, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасында халықаралық автомобиль тасымалы үшін жайлы жағдай жасау туралы келісім күшіне енді. Біздің елдеріміздің транзиттік-көліктік әлеуетін ашу ШЫҰ жолдарын дамыту бағдарламасына септігін тигізедi. Екіншіден, Қазақстанда «Нұрлы жол» ұлттық бағдарламасы мен «Жібек жолы экономикалық белдеуін» үйлестiрудегi ынтымақтастық жоспары қарқынды жүзеге асып жатыр. Үшіншіден, өзара сауда көлемінің артуы болашақта ШЫҰ-ның еркін сауда аймағын құруға септігін тигізе алады. Бұл жерде біздің елдер экономикалық өзара іс-қимыл саласындағы өздерін қызықтыратын жобаларды зерделеу арқылы кезең-кезеңмен дами алады. Бұдан бөлек, біздің қызметіміздің маңызды бағыты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саналады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2017-2018 жылдарға арналған туризм саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын ұйымдастырудағы бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдау осы саладағы өзара іс-қимылға тың серпін беретіндігін де атап өтті. Жиында Мемлекет басшысы Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеу бойынша келіссөздердің тез арада қайта жаңғыруын жақтайтындығын тiлге тиек еттi.

«Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сіздермен бірлесе отырып, өңірлік және жаһандық жанжалдарды шешу үшін бар күш-жігерін жұмсауға әзiр. Ауғанстан басшылығының ауғанішілік саяси диалогты нығайту, елді тұрақты, дамыған мемлекетке айналдыру жөніндегі күш-жігерін толықтай қолдаймыз. Бiз Астана процесі алаңында сирияаралық дағдарысты реттеу жөніндегі келіссөздерге өзімiздiң зор үлесiмiздi қосып келемiз. Бұған қоса, Қазақстан ядролық қарусыздану және таратпау идеясын жақтаушы ел саналады. Осыған байланысты біз Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеу бойынша келіссөздердің тез арада қайта жаңғыруын қолдаймыз», - дедi Мемлекет басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер