«Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған үйдің иелері қоныс тойын тойлап жатыр - Нұрлы жол|06 Шілде 2017, 10:58
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

«Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған үйдің иелері қоныс тойын тойлап жатыр

Фото: автордікі

Қостанай қаласының Совхозный көшесі 2 үй мекен-жайында 75 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, алғашқы тұрғындары қоныс тойын тойлауда. Аталмыш баспана мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынғанын айта кеткен жөн. Жүргізілген жобалық-сметалық құжаттарға кеткен қаражатты есепке алмағанда, жаңа көпқабатты тұрғын үйді салып шығуға 557 млн теңге кеткен. Сондай-ақ, облыс орталығында аталмыш бағдарлама аясында көпқабатты 25 үй салынып жатқаны белгілі болып отыр. Олар қолданысқа берілгенде өңірдің 1700 отбасы өз пәтеріне қол жеткізбек, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Қостанайдағы тілшісі.

Жаңа тұрғын үйден жап-жаңа пәтерлерге ие болған 10 отбасын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы келіп құттықтады. Сондай-ақ, өз қолымен жеке пәтерлерінің кілтін табыс етіп, жұртшылықты «Астана күнімен» құттықтады.

«Қазір Қостанай қаласы тұрғын үй құрылысы бойынша өңірде көш бастап тұр. Оған дәлел осы жылдың соңына дейін тағы 25 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, 1700-ге жуық тұрғын қуанышқа кенеледі. Солардың ішінде «Әуежай» және «Юбилейный» секілді жаңа шағын аудандарға барынша басымдық беріліп отыр. Біз әрбір тұрғынның көптен күткен арманының орындалып, жеке баспанасының болуына барлық жағдай жасайтын боламыз», – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Жалпы 75 пәтерлік көпқабатты үйден алғаш болып өз баспаналарының кілтіне ие болғандардың саны – 10 отбасы. Қалғандары банкке құжаттарын тапсырып, тексерістерден өтіп жатыр екен. Олар да көп кешікпей өз баспаналарына ие болмақ.

«Біз «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға алғаш рет 2012 жылдың ақпан айында бірінші салымымызды салдық. Содан кейін ойлана келе осы «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысуға шешім қабылдадық. Біздің отбасымыз 4 адамнан тұрады. Бұл жерден бізге 1 бөлмелі пәтер бұйырып отыр. Соның өзіне ризамыз. Өйткені, осы уақытқа дейін пәтерден-пәтерге көшіп мазамыз кетіп болды. Енді өзіміздің жеке пәтеріміз болады. Басында банктен бізге бүгін облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алатынымызды айтқанда сенбедік», – дейді жаңа тұрғын үйдің алғаш қоныстанушыларының бірі Ғазиза Шолпанбаева.

суреттер автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер