Нұрлы жол: Ақмолада жол жөндеуге 50 млрд теңге бөлінді - Нұрлы жол|13 Шілде 2017, 17:11
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Нұрлы жол: Ақмолада жол жөндеуге 50 млрд теңге бөлінді

Фото: әлеуметтік желіден

Ақмола облысында республикалық маңыздағы жолдарды жөндеу үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 50 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Ақмола облысында республикалық маңыздағы 2270 шақырым тас жол бар. Биыл өңірдегі жергілікті маңызға ие 177 мыңнан астам шақырым жолды жөндеу жоспарланған. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жол құрылысынан бөлек, көлік қоятын орындар, қиылыстар салу жоспарланған.

Облыс орталығы Көкшетаудың жолдарын қалпына келтіру жұмыстарына биыл 2 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржыға Ғабдуллин көшесі қалпына келтіріліп, Тәшенов көшесінің жолдарына күрделі жөндеу жүргізіледі, басқа да бірқатар көшенің ой-шұңқырлы жерлері жөнделмекші.

«Соңғы жылдары қалаға қоныстанушылар, жан-жақтан көшіп келушілер көп. Соған байланысты жыл өткен сайын қала ауқымы кеңейіп келеді. Жаңадан бой түзеген тұрғын үй массивтері жетерлік. Мұндағы жолдардың бәрін бірдей бір-екі жылда жаңартып болу мүмкін емес. Кезең-кезеңімен, кезек-кезегімен жоспарға сәйкес жасалады»,– дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Иван Юрченко.

Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының құрылысы жүргізіліп, Көкшетауға елорда жақтан кіру жолдары жөнделетін болады. Қалаға кіре берістегі 4 шақырым жол жарықтандырылып, қажетті жол белгілері орнатылмақшы.

«Төрт жолақты жолдың кеңдігі 27,5 метрді құрайды деп жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 2,9 млрд теңгені құрайды. Ал көлік жүретін жол 8,5 метр болады. Биыл 488 млн теңге игерілмек. Жол тиісті параметрлер бойынша салынады»,– дейді Талғат Ермеков.

«Жол жөндеу жұмыстары барысында оны жарықтандыру, су өткізу қондырғылары және қажетті жол белгілері толық орнатылады деп жоспарланған. Қазіргі күні мердігер құрылыс компаниясы қажетті материалдарды әзірлеп, жөндеуді бастап кетті»,– дейді облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Владимир Кулаков.

Елорда маңындағы елді-мекендерді дамытудың кешенді жоспарына сәйкес 2 млрд 647 млн теңгеге 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бүгінде Целиноград ауданының Ақмол, Қосшы және Қабанбай батыр ауылдарында бұл бағытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

«Щучинск-Зеренді» тас жолын жөндеуге 9,3 миллиард теңге бөлінеді. Қызыл судан зардап шеккен аудан жолдары да қалпына келтірілмекші.

Былтыр жөнделген жолдардың тез ойылуының өзіндік себептері бар.

«Көшелерде нөсер кәріз желілерінің болмауы судың тұрып қалуына әкеледі, бұл асфальт-бетон жабынын бұзады. Соңғы кезде көлік ағынының көбеюінен жолдарға түсетін жүктеме мөлшері төрт-бес есеге артты»,–дейді «Қазавтожол» ҰК Ақмола облыстық филиалының бас маманы Талғат Ермеков.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер