«Нұрлы жер» журналистерді жарылқай ма? - Нұрлы жол|05 Қазан 2016, 20:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Нұрлы жер» журналистерді жарылқай ма?

Үкіметтің бүгінгі отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру барысы кеңінен талқыланды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев күні кеше Астанада өткен аймақаралық форумды пайдаланып, облыс пен қала әкімдерін де отырысқа шақырып алды. Сөйтіп, Министрлер кабинеті кеңейтілген құрамда кездесіп, еліміздегі жолдар мен тұрғын-үй саласын дамытуды көздейтін бағдарламаны жан-жақты пысықтап алды. Оның негізгі проблемасын да анықтап алды. Ал ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің баспаналы болуына қатысты жақсы бір жаңалықтың бастамашысы болуға дайын екенін жеткізді. Әрине, ол бастамаға журналистердің өздері түрткі болды.

Биыл қай жолдар ашылады?

Сонымен, бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бірнеше инфрақұрылымдық жобаның атқарылып жатқаны белгілі. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, негізгі мәселе жол құрлысына арналған. Астананың төрт бағытында жөнделіп жатқан жолдар болашақта елорданың нұры іспетті, төрт жаққа «нұрлы жол» болып ашылуы тиіс. Осыған байланысты әрбір бағыттың жолдары бірнеше учаскеге бөлінді. Мәселен, «Орталық - Оңтүстік» жобасы, яғни Астана – Алматы бағытында Астана – Теміртау (171 км) мен Алматы – Қапшағай (104 км) учаскелері жөнделуде. Оның бәрін жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.

«Орталық - Шығыс» жобасы: Астана – Өскемен бағытындағы жолдың құрылысы биыл аяқталмайды. Қазіргі кезде Астана – Павлодар (441 км) мен Павлодар – Семей – Қалбатау (473 км) бағыттарында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен, жылдың соңына дейін Астана – Павлодар жолы мен Ертіс арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталады деген жоспар бар.

«Орталық - Батыс» жобасы: Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау бағытындағы Бейнеу – Ақтау жолы да биыл пайдалануға берілмейді. Алайда Бейнеу – Шетпе аралығындағы жол толығымен тапсырылады. Бұдан бөлек, Ақтөбе – Атырау жолының құрылысы жалғасып жатыр.

Астана – Петропавл – Ресей шекарасы бағытындағы жол биыл тек Петропавлға дейін жөнделеді. Келесі жылы жолдың қалған бөлігі төселмек. Бұдан бөлек, Алматы – Өскемен (803 км), Орал – Каменка (100 км), Жетібай – Жаңаөзен (73 км), Үшарал – Достық (184 км) пен Астанадағы оңтүстік-батыс айналма жолын (31 км) алдағы жылдары аяқтау жоспарланып отыр. Ал Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды (925 км) жолының құрылысына қажеті инвестициялар әлі табылған жоқ.

Ресей бізбен саудаласып отыр ма?

Еуразиялық экономикалық одақтың басты артериясы болып саналатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің Қазақстандағы бөлігі аяқталуға жақын. Қазіргі кезде Алматы – Қорғас (304 км.), Шымкент – Ташкент (100 км.) және Шымкент – Жамбыл облысы (81 км.) учаскелерінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдың соңына дейін аталған жолдарда да көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр.

Бүгінде аталған жобаның Қытайдағы учаскесі дайын. Алайда Ресей әлі күнге дейін өз жағындағы бірнеше учаскенің құрылысын кейінге қалдырып келеді. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, күні кеше РФ президенті В.Путиннің жұмыс сапары аясында аталған мәселе талқыланды.

«Кеше екі президенттің арасында осы мәселеге қатысты әңгіме болды. Ресей басшысы өзінің министріне тиісті тапсырмасын берді. Олар өз жеріндегі жолды бұрын жасаған жоқ? Себебі ол Орынбор облысына қарайтын жол болған. Қазір көлік министрлігіне берілді. Енді, келесі жылы ол жолды бастаймыз деп отыр. Олар келесі жылы бастаса, онда бірнеше жылдың ішінде бітіреді. Ол – Орынбордан біздің шекараға баратын жол. Ұзындығы – 150 шақырым. Бірақ олар бізге де бір сұрақ қойды. Ол - Астраханьнан Атырауға баратын жол. Бізде осы жолдың сапасы нашар. Сондықтан біз де ресейлік әріптестерімізге ол жолды келесі жылы бастаймыз деп уәде бердік», - деді Ж.Қасымбек отырыстан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Қазіргі кезде кейбір сарапшылардың топшылауынша, Еуропа мен Ресей арасындағы қазіргі санкциялық соғыстар аясында жолды аяқтаған күннің өзінде көршіміз батыстың тауарларын шығысқа қарай жібермеуі мүмкін. Сондықтан Ресей үшін санкциялық теке-тірестің аяқталғанын күтуі де әбден мүмкін. Дегенмен, Ж.Қасымбек санкциялардың жол құрылысына ешбір әсер етпейді деп отыр.

«Санкция бойынша айтатын болсақ, бүгінде Ресейден бізге тек Украинадан ғана автокөліктер келмейді. Ал Еуропаның басқа елдерінен жүк көліктері келе береді. Сондықтан санкцияның қазіргі жағдайға ешқандай кедергісі жоқ», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

Қор үлескерлік баспананы алу мүмкіндігін 100 пайыз қылады

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған тағы бір ұтымды бастама, ол – тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры. Биыл сәуір айында «Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы» заң қабылданған болатын. Соның аясында Үкімет тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын құрып, үлескерлердің құқығын барынша қорғауды қолға алмақ. Аталған заң қазанның 10-ы күні күшіне енеді. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінде министрлік 10 млрд. теңге мөлшеріндегі қаржыны «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне аударды. Ол қаржыға «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ жарғылық капиталын ұлғайту жоспарланған.

«Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры қаржылық тұрақтылық бойынша үлескерлік құрылысқа қатысатындарға нақты талаптар қойып, компаниялардың осы саладағы тәжірибесін де тексеретін болады. Сондай-ақ қор инжинирингтік компаниялар арқылы үлескерлердің ақшасын тиімді игеру мәселесін де бақылайды», - деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, аталған механизмнің арқасында халықтың үлескерлік құрылысқа деген сенімін қайтарып, осы саладағы құрылыс компаниялары мен үлескерлердің нақты ережелері болады. Компаниялардың жауапкершілігін де күшейту көзделген. Жалпы, қор арқылы үлескерлердің қатысуымен салынатын тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткішін 100 пайызға дейін жеткізу көзделген.

Ресми мәліметке сәйкес, 2016-2018 жылдары үлескерлік құрылыс бойынша жыл сайын 1,2 млн. шаршы метр коммерциялық тұрғын үй пайдалануға беріліп отырады. Сол кезде шамамен 15 мың адам баспаналы болады деген жоспар бар.

Әкімдер бюджет қаржысын игеруге асықпайды

Иә, дәл осы мәселе «Нұрлы жол» бағдарламасының басты проблемасы болып отыр. Бүгінгі отырыс барысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жылдың аяғына дейін игерілмей қалады-ау деген қаржының көлемін атады. Оның айтуынша, жергілікті жердегі әкімдіктер тиісті процедураларды уақытында өткізбей отырғандықтан, қыруар қаржы игерілмей қалуы әбден мүмкін.

«Жергілікті бюджеттер бойынша 9,7 млрд теңге игерілмей қалуы мүмкін. Аталған проблеманың негізгі себебі – тиісті процедуралардың кешіктірілуі. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуларды өткіз мерзімі зерделенді. Бүгінде жергілікті жерде мемлекеттік сатып алулар саласында 18 млрд. теңгенің келісімшарттары әлі рәсімделмеген немесе тіркеуге алынбаған. Аталған қаржының басым бөлігі Қызылорда (3,5 млрд.), Ақтөбе (2,5 млрд.), Ақмола (1,9 млрд.), Маңғыстау (1,7 млрд.) мен Атырау (1,6 млрд) облыстарына тиесілі. Жылдың аяғына дейін уақыт аз, 62-ақ күн қалып отыр. Ал ол ақша бойынша конкурстар өткізіп, қорытынды жасап, келісімдерді рәсімдеп, аванс беріп үлгеру қажет. Сосын атқарылған жұмыстардың нәтижесін күту керек», - деді Б.Сұлтанов.

Бұдан бөлек, тұрғын үй құрылысы бойынша да біраз ақша игерілмей қалады деген қауіп бар. Себебі жергілікті әкімдіктер конкурстарды тым кеш өткізіп жатады.

Осыған байланысты Премьер-министр Б.Сағынтаев отырысқа қатысқан әкімдерден жауап беруді талап етті. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та Үкімет басшысын бюджетті игеріп үлгереміз деп, барынша сендіріп бақты. Алайда Б.Сағынтаев ол қулыққа алданбады.

«Атырау облысында шағын және орта бизнестiң дамуы төмен. Бұл түсiнiктi де, мұнайлы өңiр болғандықтан, көбiсi осы салада жұмыс iстейдi. Дегенмен, оны дамыту үшiн қаржы бөлiп отырмыз. Сiздiң облысқа 692 млн қаржы бөлiнген. Осы уақытқа дейiн оны алған жоқсыздар. Сiздерде ниет жоқ па, әлде бизнесте қажеттiлiк жоқ па? Берiлген ақша игерiлмейдi, тiптi алынбайды, әлi күнге дейiн бiзде жатыр. (Осы кезде Н.Ноғаев ол ақшаның жылдың соңына дейін игерілетінін жеткізді – авт.) Менiң ойымша, бұл жай ғана сөз. Өйткенi қазан айы басталып кеттi. Қаражатты аударып алғанша, сосын конкурс өткiзiп, кәсiпкерлерге бергенше жыл бiтедi. Яғни биыл шағын және орта бизнес бұл ақшаны пайдалана алмай қалады деген сөз», - дедi Үкiмет басшысы.

Қазақстанда Нью-Йорк қаласының тәжірибесі енгізілуі мүмкін

Бүгінгі отырыста қаралған тағы бір мәселе – еліміздегі құқық бұзушылық саласындағы жағдай. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың айтуынша, осы саладағы ахуал тұрақты. Алайда жұмыссыз жастар арасындағы қылмыс азаймай отыр. Көшедегі тонау, ұрып кету және тағы басқа тәртіп бұзу әрекеттері де көбейді. Сол себепті министр өңірлерде бейнебақылау техникасын көбейту қажет деп санайды. Сондай-ақ жол-патрульдік полицияның жалақысын қайта қарап, оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

«Жол-патрульдік полиция қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселесіне ерекше назар аударғым келіп отыр. Осы салада 12 мың полицей жұмыс істеп жатыр. Олардың басым бөлігі – ауылдан келген жастар. Қалада баспананың болмауы, жалақының төмен мөлшері, қатаң жұмыс кестесі – мұның бәрі қызметкерлердің басқа жұмысқа жиі ауысуына себеп болып отыр. Біздіңше, қазіргі проблемаларды шешудің бірден-бір жолы – алдымен әрбір облыс орталығында бір-бір отбасылық жатақxана салу қажет. Сондай-ақ жол-патрульдік полиция қызметін таза офицерлік құраммен жасақтаған жөн», - деді Қ.Қасымов.

Министрдің сөзіне қарағанда, келесі жылы Астана мен Алматы қалаларында өтетін ЭКСПО мен Бүкіләлемдік Универсиадаға құқық қорғаушыларды көптеп тарту жоспарланған. Көрмеде 9 мың сақшы мен әскери адам қызмет етсе, Универсиаданың қауіпсіздігін 5,5 мың құқық қорғаушы қамтамасыз етпек.

Ал Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздегі қылмыстық жағдайды ашық көрсетуді ұсынды. Ол үшін Нью-Йорктің тәжірибесін енгізуге болады. Онда қаланың әрбір ауданындағы қылмыстық аxуал ашық көрсетіледі. Ал бизнес өкілдері ол ақпаратты өз жарнамасында белсенді түрде қолданып жатады. Ол тәжірибе туралы Б.Сағынтаевқа Президент Н.Назарбаев айтқан көрінеді.

«Жақында мен ол туралы оқыдым. Сонда арнайы ұялы қосымшалар арқылы Нью-Йорк қаласындағы әрбір ауданның қылмыстық жағдайын білуге болады. Бір жерде ол көрсеткіш төмен, екінші жерде жоғары. Осы ақпаратты бизнес те белсенді түрде қолданып келеді. Мәселен, қонақ үйлер өз жарнамасында қылмыстық аxуалдың төмен екенін көрсетіп, келушілер санын арттырып отыр. Осындай аудандарда орналасқан тұрғын үйдің бағасы да күрт өседі. Сондықтан әрбір қаладағы қылмыстық жағдайды ашық көрсету керек. Иә, xалық өз ішінде білуі мүмкін. Дегенмен, оны бәріне көрсетіп, нақты қай жерде жұмыс істеу қажеттігін анықтап алған жөн болар», - деп атап көрсетті Премьер-министр.

«Нұрлы жер» журналистердің баспаналы болуына жағдай жасай ма?

Үкімет «Нұрлы жол» бағдарламасын талқылап шыққаннан кейін журналистер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қандай да бір жеңілдік беру мәселесін көтерді. Бұған дейін Президент аталған жаңа бағдарламаға қазіргі тұрғын үй бағдарламаларының барлық тетіктерін (жинақ, аренда және тағысын тағы – авт.), сондай-ақ жеке тұрғын үйді салуға мүмкіндік беретін 10 сотық жер тарату механизмін енгізуді тапсырған болатын. Бүгінде аталған құжатты даярлау жұмысымен ұлттық экономика министрлігі айналысып жатыр.

Үкіметтің бүгінгі отырысынан кейін өткен баспасөз мәслиxатында бір журналист ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа: «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін арнайы шарттар жасала ма? Бүгінде осы мамандық иелері не мемлекеттік, не бюджеттік салаға жатпайды. Олардың баспана алуына қандай да бір жеңілдік бола ма?», - деп сұрақ қойды. Министр аталған мәселені қарастыруға дайын екенін жеткізді.

«Өкінішке қарай, қазіргі кезде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ондай жеңілдіктер қарастырылып жатқан жоқ. Бірақ сіздің құзіретті министрлігіңіз (Ақпарат және коммуникациялар министрлігі - авт.) осындай ұсыныс жасаса, біз оны қарауға дайынбыз», - деп жауап берді Қ.Бишімбаев.

Демек, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бастама көтерсе, журналистика майданында қызмет етіп жатқан біраз әріптестеріміз баспаналы бола алады. Лайым солай болғай дейік!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер