Астана. 18 қараша. Baq.kz - Қазақстанда жалғыз ірі кәсіпорынды немесе бір саланы ғана тірек еткен шағын қалаларды қолдау мәселесіне «Нұр Отан» партиясының сайлауалды Тұғырнамасында көңіл бөлінген, - деп жазады "Айқын" газеті.
Астана. 18 қараша. Baq.kz - Қазақстанда жалғыз ірі кәсіпорынды немесе бір саланы ғана тірек еткен шағын қалаларды қолдау мәселесіне «Нұр Отан» партиясының сайлауалды Тұғырнамасында көңіл бөлінген, - деп жазады "Айқын" газеті.
Сондықтан осы саланың қазіргі жай-күйі мен тиісті бағдарламаның орындалу барысы «Нұр Отан» партиясы фракциясының Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің кеңейтілген отырысында жеке қаралды. Жиынға Кеңес төрайымы, депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова жетекшілік етті.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2012 жылы ел Үкіметі «Моноқалаларды дамытудың 2012 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасын» бекітті. Бұл құжат аталған шағын шаһарларды «орта және ұзақмерзімді перспективада орнықты әлеуметтік-экономикалық дамыған» қалаларға айналдыруды көздейді.
Бағдарлама аясында сол жылы абаттандыру жұмыстарына 6 миллиард, өткен жылы абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту шараларына 18,8 миллиард теңге жұмсалған екен. Ал биыл 27,8 миллиард теңге бөлінген, бұл қаржы тасқыны моноқалалардағы инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, микрокредиттер беру, субсидиялау және әралуан гранттарға арна тартуда.
Мәселен, моноқалаларда жаңа өндіріс құрғысы келетіндерге 3 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. 1 қазандағы жағдай бойынша жалпы ауқымы 224 миллион теңгені құрайтын 93 грант, мұның сыртында шағын және орта бизнесін ашқысы келген адамдарға жалпы сомасы 979 миллион теңге болатын 437 микрокредит таратылыпты.
Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру мақсатында бүгінде 48 «зәкірлі» инвестициялық жоба қолға алынған екен. Оның үштен біріндейі ендігі іске қосылыпты. Алайда сол жаңа кәсіпорындардың өнімдерін қазіргідей дағдарысты кезеңде қайда өткізу жайы жіті пысықталмаған көрінеді. Осыған қарап, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Серікжан Қанаев бұл жобалардың «зәкір» емес, тұсауға айналып кетуінен сақтандырды.
Қалаулы тағы бір мәселеге назар аудартты: «Мен арнайы талдау жасадым. Соңғы 2 жылда 23 моноқаланың әкімі ауысыпты. Соның ішінде 7 қалада әкімдер үш рет алмасып үлгерді. Ал Арқалық, Сәтбаев, Жезқазғанда әкімдер тіпті 4 рет өзгерген! Осыдан кейін бағдарламаның орындалуын кім бақылайды?» Әрине, өз еркімен кетпейді. Қала шаруашылығын дөңгелентіп әкете алмағандықтан, қызметінен босатылады. Әйтпесе, шаһарының шаруасы шатқаяқтаса да, әкімқараларының алатын айлығы жақсы екен. Қалаулылар сұраған соң, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А.Дүйсебаев өздерінің «ай сайын жарты миллион теңге жалақы алатындарын» айтты. Арқалықтың бір әкімі тестілеу кезінде жалғыз балы жетпей, лауазымымен қош айтысуына тура келген деседі.
Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау Арқалықтың тағдырына алаңдаушылық білдірді: «Ең күрделі жағдай Арқалықта. Онда 8 жылға жетер боксит қалды. Содан кейін ENRC компаниясы кетуге әзірленуде. Басқа ешқандай варианттар жоқ. Оның айналасындағы жердің бәрінде біз барлау жүргіздік, бірақ қызықты ештеңе таппадық. Жалғыз бір нысан бар: 100 шақырым қашықтықта, Есіл түбінде миллиард тонна темір кені анықталды. Қазір оны «Таукен-Самұрық» ұлттық компаниясы қолға алуда, ол боксит өндірісінен босайтын 1,5 мың жұмысшыны темір өндірісіне бейімдеуі қажет. Басқа балама жоқ!» деді А.Рау.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!