«Нұрлы жол» – кемел келешек кепілі - Нұрлы жол|19 Қараша 2014, 16:34
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

«Нұрлы жол» – кемел келешек кепілі

Астана. 19 қараша. Baq.kz – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында еліміздің болашағын бағдарлап, қарышты дамуға үлкен септігін тигізетін бірнеше басым бағыттарды атап көрсетті. Мемлекетіміздің дамуы үшін аса маңызды мәселелердің арасында бірнеше басым бағыттарға тоқталғым келіп отыр. 

Бірінші мәселе білім беруге қатысты. Қазіргі таңда дамыған елдердің барлығы осы білім саласына ұдайы қомақты инвестиция құйып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Жер қойнауындағы табиғи байлықсыз-ақ, олар өздерін білімді де білікті азаматтарының арқасында әлемдік сахнада экономикасы қарышты дамыған, табысты мемлекеттер ретінде танытты. Елбасының осы маңызды салаға қыруар қаражаттың бөлінетінін және еліміздегі іргелі һәм беледі, ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 жоғары оқу орнын әлемдік стандартқа сай етіп жасақталатынын мәлім ету біздің дамыған ел болуға қарышты қадам басқанымызды айқын көрсетеді. Президент атап көрсеткендей, бірінші кезекте елдегі апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселесін шешу көзделмек. Бұл үшін қазына қоржынынан қосымша 70 миллиард теңге бөлінбек. Сонымен қатар, еліміз үшін маңызды құжатта экономикалық мәселелер басты маңызға ие болғаныменен, Елбасымыз еліміздің рухани-мәдени мәселелеріне де тоқталып, біздің жалпыұлттық идеямыз – «Мәңгілік елдің» қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Және де 2015 жылы Қазақ хандығының 550-жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтетіндігі барша қазақстандықтар үшін аса маңызды іс-шара болып табылатындығын айтты. Осы орайда айта кеткен жөн, биылғы жылдың 20 қазанында Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтында Түркістан өлкесінің тарихын зерттейтін ғылыми орталық ашылды. Орталыққа Қарахан дәуірінде өмір сүрген ұлы ойшыл, ақын, атақты «Құтты білік» дастанының авторы Жүсіп Хас Қажыб Баласағұнның есімі берілді. Ғылыми зерттеу орталығының мақсаты – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау. Орталық биылға жоспарланған 6 томның 2-ін баспадан шығарды. Сонымен қатар, Алаш қозғалысы мен Жетісу өлкесінің отарлану тарихына қатысты екі кітап та қалың оқырманға жол тартты. Белгілі тарихшы, орталық директоры Ордалы Қоңыратбаевтың «Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің күндерегі. 1 том (1894-1919)» атты биохроникалық зерттеу еңбегі таяуда жарық көрмек. Орталықтың алдаағы үш жылға арналған жұмыс жоспары жасалды. Жоспар бойынша тарихшыларымыз жеті бағытта жұмыс істейтін болады. Бұл жұмыстар өз кезегінде төл тарихымызды түгендеп, жалпақ жұртшылыққа беймағлұм «ақтаңдақ» беттерді ашуға септесетініне сенімдіміз.


Келешегіміздің кемел көкжиегін айқындауға септесетін жаңа Жолауда жоспарланып отырған мақсат-міндеттерді іске асыру елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге тікелей байланысты. Мұны Елбасымыз ерекше атап көрсетті. Әрбір қазақстандық азамат осы ақиқатты саналы түрде ұғынса ғана жұмылған жұдырықтай болып, «Біз – Қазақстан азаматымыз, қазақстандық халықпыз» деп, бірігіп іс-қимыл жасайды, бейбіт елде бірге өсіп-өнеді. 

 


Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер