Астана. 23 қараша. Baq.kz – Елбасы әржылғы Жолдауларында әрқашан еліміз үшін маңызды мәселелерді қамтып келеді. Осы жылғы Жолдауда экономикалық мәселелерге барынша тоқталып, еліміздің рухани – мәдени мәселелерін де атап айтып, «Мәңгілік ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіргені белгілі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халқына арнаған Жолдауы бүгінде әрбір қазақстандықтардың жүрегінен жол таба білді. Себебі, бұл Жолдауда дағдарыстың алдын алумен қатар, еліміздің жарқын келешектегі даму бағыттарын айқындап берді.
Сонымен қатар, Елбасымыз болашақты бағдарлап берген осы Жолдауында елдің бірлігіне, тұрақтылығына аса мән берді. Бұл өте орынды, өйткені, халық үшін ең маңыздысы – ол елінің береке-бірлігі.
«Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі.
Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз», – деп келтірген Елбасы Жолдауында.
Міне, осыны әрбір жас бойына сіңіре білуі керек. Себебі, бәрімізде Көк байрағы желбіреген, егемен еліміздің болашағы жарқын болғанын қалаймыз. Сондықтан, өскелең ұрпақтың жүрегі Отан деп соғып, оны құрметтеу мен сүюден басталуы тиіс деп ойлаймын.
Сөзімді қорытындылай келе, Елбасы айқындаған осы жеті бағыт бойынша бүгіннен бастап Үкіметпен тығыз жұмыс жасап, жоспардың заңнамалық қамтылуына барлық жағдайды жасау басталып кетті. Қазақстандықтар «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауды жан-жақты түсіне отырып, қолдайды, еліміздің одан әрі өркендей, өрлей түсетініне сенім артады.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙҚЫЗЫ,
«Ақмешіт апталығы» газеті,
Әлеумет және саясат бөлімінің жетекшісі
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!