Қостанайда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жөнделетін жолдарға талап күшеймек - Нұрлы жол|21 Маусым 2017, 12:55
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қостанайда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жөнделетін жолдарға талап күшеймек

Осы жылы Қостанай облысының көлік инфрақұрылымын дамытуға 25,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Бөлінген қаражаттың өткен жылдармен салыстырғанда 60 пайызға өскенін аңғару қиын емес. Ал, қомақты қаржының бөлінуіне елімізде жүзеге асып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы өз септігін тигізіп отыр. Енді облыс бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жөнделетін жолдарға талап күшеймек, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қарабұтақ-Қостанай» автокөлік жолының учаскесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары жалғасатын болады. Денисов ауылындағы күре жолды қиып өтетін көпір де жаңартылмақ. Сондай-ақ, «Тобыл» станциясындағы автокөліктер өтетін көпірдегі күрделі жөндеу жұмыстары жақында аяқталып, ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар, жалпы 219 шақырым жол осы жылы жөндеуден өтпек. Біздің алдымызда тұрған мақсат – осы бөлінген қаражаттың дұрыс мақсатқа пайдалануын қадағалау. Облыс аумағында осыған дейін жол жөндеуге мұндай ірі көлемде ақша бөлінген жоқ. Бұның барлығы – елімізде жүзеге асып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында болып жатқан игі қадамдар. Соған сәйкес жол салып жатқан кәсіпорындардың жұмыстарына да талап күшейетін болады», – дейді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Облыс аумағындағы тағы бір ауқымды жоба «Орталық-Батыс» дәлізін қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттарын дайындау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл дәліздің облыс аумағындағы үлесі 401 шақырымды құрайды.

«Жоғарыда айтылған жобалардан бөлек аудандық маңызы бар 200 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу үшін 3 млрд теңгеге жуық қаражат бөлу жоспарланған. Біз бірінші кезекте облыс аумағындағы жолдардың сапасын жақсартсақ, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік туатын болады. Ал, бұл дегеніңіз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді», – дейді облыс әкімі.

Расында, Қостанай облысында көлік инфрақұрылымы саласында жоспарланған жобалар сәтті жүзеге асатын болса, жергілікті кәсіпкерлердің ісі оңға баспақ. Себебі, жоғарыда айтылған дәліз жұмысы жанданса еліміздің батыс облыстарымен байланыс жақсара түспек.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер