«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналы болатындардың қатары өспек - Нұрлы жол|30 Маусым 2017, 19:04
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналы болатындардың қатары өспек

Биыл Қостанай облысының орталығы мен іргелес жатқан Заречный ауылында мемлекеттік «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары шеңберінде бой көтерген тұрғын үйлерге ие болатын жұртшылықтың қоныс тойын тойлайтын сәті алыс емес. Бұл жаңа пәтерлерге «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ салымшылары ғана емес, ұзақ жылдар бойы үй кезегінде тұрып, осы сәтті сарыла күткен қарапайым азаматтардың да қол жеткізуіне мүмкіндіктер туып отыр. Мәселен, Қостанай шаһарындағы «Әуежай» шағын ауданында бой көтерген тоғыз қабатты көп пәтерлі тұрғын үй жақында пайдалануға беріліп, иелерін қуанышқа кенелтер сәт жақын, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Қостанай облысындағы тілшісі.

Алдағы тамыз айының басында бұл үйдегі 108 пәтердің кілті өз иелерін табатын болады. Олардың барлығы бұған дейін ешқандай баспанасы жоқ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары мен кезегі келген тұрғындар. Жалпы бұл көп қабатты тұрғын үйде 57 бір бөлмелі, 27 екі бөлмелі сондай-ақ, 27 үш бөлмелі пәтер бар. Бұл тұрғын үйдегі әр пәтердің шаршы метрі 140 мың теңгені құрайды. Ал бастапқы жарнасы тиісінше әртүрлі.

«Жаңа үйден жайлы пәтер алғысы келетін тілек білдіруші бір бөлмеге 1 млн 700 мың теңге болатын бастапқы жарнасын төлеуі тиіс. Одан кейін, ай сайын төлейтін ақшасы 37 мың теңге болады. Ал, 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізуді көздейтіндердің 2,5 млн теңгесі болуы шарт. Оның ай сайынғы банке төлейтін қаражаты 54 мың теңге. Енді жинақ шоттыңызда 3 млн 400 мың теңге жатса, онда 3 бөлмелі пәтердің қожайыны болып шыға келесіз. Бірақ, банктен алған несиеңіз үшін ай сайын 79 мың теңге төлейтіндігіңізді ұмытпау керек. Бұл бағдарламаның тағы бір басымдығы, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы кез келген уақытта мемлекеттік бағдарламаның қатысушы бола алады. Осы жылдың 3 шілдесінен бастап кез келген тұрғынға банкте есепшот ашу тегін жүргізілмек», – дейді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ҚОФ директорының орынбасары Дәурен Есенбеков.

Заречный ауылындағы «Северный» шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлердің құрылысы жоспарланған мерізім бойынша жүріп жатыр. Бұл ауданда да қос бірдей 4 қабатты үй жақында өз иелерін қарсы алмақ.

«Өздеріңіз көріп тұрған шағын аудан халық тығыз орналасатын ауданға айналады. Алдағы уақытта көшелер асфальтталып, қоғамдық көліктерге арналған аялдама салынады. Қазір, шаңы шығып жатқан көшелерді күзге дейін абаттандырамыз», – дейді Қостанай ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Темірхан Ержанов.

Фото: Автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер