Қостанай ауданында жаңа шағын аудан бой көтермек - Нұрлы жол|27 Ақпан 2017, 09:34
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қостанай ауданында жаңа шағын аудан бой көтермек

Қостанай облысындағы Қостанай ауданында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Солтүстік» деп аталатын жаңа шағын аудан бой көтермек. Қазіргі таңда 2 көпқабатты үйдің құрылысына облыстық бюджеттен қаражат та бөлініп, салатын мердігер анықталу үстінде. Былтыр осы шағын ауданнан 2 көпқабатты тұрғын үй бой көтерген болатын. Облыс орталығымен іргелес жатқан ауданның сәулетіне шырай беретін шағын ауданды абаттандыру мен инфрақұрылымдарын жетілдіруге қосымша қаражат бөлу қарастырылуда, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Еліміздің қарапайым тұрғындарының баспаналы болуын көздеген «Нұрлы жер» бағдарламасы 2016 жылдың желтоқсан айында қабылданған болатын. Қазіргі таңда жетім бұрышты жағалап, ай сайын жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп жүргендер үшін бұл Үкімет тарапынан жасалып жатқан игі қадамдардың бірі деп айтуға болады. Аталмыш бағдарлама 6 бағытқа бөлінсе, оның төртеуін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүзеге асырады.

«2017 жылы Қостанайда «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламалары шеңберінде 432 пәтерден тұратын 7 тұрғын үй салу қарастырылған. Оның 180 пәтері «Әуежай» шағын ауданында болса, қалғандары қаланың басқа жерлерінде бой көтеретін болады», – дейді «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қостанай облыстық бөлімінің директоры Ботагөз Қамарова.

Аталмыш баспаналар жоғарыда аталған банктің салымшылары мен тұрғын үй кезегінде тұрғандар арасында теңдей бөлінбек. Дәл осындай мүмкіндікке Қостанай ауданынан жаңадан бой көтеретін «Солтүстік» шағын ауданының болашақ тұрғындары да ие болмақ. Енді алдағы жылдарда тағы 9 көпқабатты тұрғын үй салынбақ.

«Солтүстік» шағын ауданы құрылыс салуға қолайлы жер. Жақында аудандық мәслихаттың сессиясы өтіп, осы шағын ауданға 2 көпқабатты тұрғын үй салуға шешім қабылданды. Оның екеуі де жалға берілетін болады. Биыл бұл ауданда тағы 9 көпқабаты үй салынбақ», –дейді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Мейрам Соқытбаев.

Қазір аталмыш шағын ауданның бас жоспары дайындалып жатқан көрінеді. Ол жазда дайын болмақ. Болашақта бұл ауданның жолдары, абаттандыру, инфрақұрылымдарын жақсартуға күш салынбақ. Жеке баспана салам деп кезекте тұрғандарға да жер телімдері берілмек. 900 оқушыға арналған тағы бір мектеп пен балабақша және аурухана салынады.

«Біз секілді жас отбасына баспаналы болуға үкімет тарапынан жасалып жатқан жағдайға ризамыз. Жаңа пәтерімізге көшіп келгенімізге 1 айдай уақыт өтті. Баспана жайлы, барлық жағдай жасалған. Бұған дейін пәтер жалдап, жолдасымыз екеуміз көшіп жүрдік. Табысымыздың көбі соған кететін. Енді өзіміздің баспанамыз үшін төлейміз», – деді жаңа аудан тұрғыны Сәуле Ілисова.

Фото автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер