Қытай инвесторлары СҚО-да агроөндірістік-логистикалық кешен ашпақ - Нұрлы жол|31 Мамыр 2017, 18:48
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қытай инвесторлары СҚО-да агроөндірістік-логистикалық кешен ашпақ

Қытайлық инвесторлар Солтүстік Қазақстанда агроөндірістік-логистикалық кешен ашпақ. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов шетелдіктермен кездесіп, жаңа нысан жөнінде келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы «Тайынша май» компаниясының құрылтайшысы Цзя Хэи зауыт негізінде агроөндірістік парк салмақ. Қызылжар топырағында өсірілетін дақылдар елімізде өңделіп, Қытайға экспортталатын болады.

«Біздің «Айцзю» компаниясының жобасы - логистикалық тізбек болып саналады. Бірінші базамыз, Тайынша ауданындағы «Тайынша май» зауыты. Тағы бір логистикалық база шекарада орналасқан. Оған Сиань қаласындағы логистикалық паркті қосыңыз. Бұл жерде біз үш жүйені біріктіреміз. Ол өндіріс, тасымал және сауда. Осылайша біз, тауардың сапасына, дер кезінде жеткізілуіне және толықтай сатылуына кепіл береміз. Бұл Қытайда «айдаһар жүйесі» деп аталады. Біз ешкімге тәуелді болмаймыз, барлығын бақылап отырамыз. Бұл Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол» бағдарламасы және Қытай үкіметінің «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасына сәйкес атқарылмақ» деді «Тайынша май» компаниясының құрылтайшысы Цзя Хэи.

Бұл жобаны «Айцзю» компаниясы «SalimWanye» фирмасымен бірлесе жүзеге асырмақ. Аталған мекеме жайында «Минжонг» Қытай азық-түлік корпорациясының аймақтық жобалар жөніндегі директоры Сэм Онг айтып берді.

«Корпорация құрамына 140 компания кіреді. Негізгі қызмет түрі – азық-түлік өндірісі. Сонымен қатар, тау-руда өнеркәсібімен, қонақ үй, ресторан және басқа да бизнес салалары бар. ІТ-технологиялармен айналысамыз. Әріптестік аясында «Айцзю» компаниясымен бірлесіп, жоба құра аламыз. Болашақта басқа да жобаларды жүзеге асыруға болады» деді Сэм Онг.

Жиында айтылғандай, Солтүстік Қазақстан шетелдік инвесторларды тарту жөнінен елімізде екінші орында тұр. Олардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында.

«Солтүстік Қазақстан топырағы өте құнарлы. Бізде ет, сүт барлық ауыл шауашылығы өнімдерінің өндірісі дамыған. Облыста алынатын еттің 20, ұнның 10, сүттің 50 пайызы ғана қайта өңделеді. Біз шетелдік инвесторлармен әріптестік орнатып, оларға барлық жағдайды жасауға ниеттіміз. «Тайынша май» - өте жақсы жоба және оны жүзеге асыруда жоспарымыз көп. Биыл майлы дақылдар алқабын 712 мың гектар алқапқа ұлғайттық. Бидай, бұршақ, жасынұқ дақылдар егістігін 2,5 есе арттырып, 190 мың гектарға жеткіздік. Ауыл шауашылығы – бұл біздің басты сала. Оны барынша дамытамыз» деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Кездесу барысында екі жақ әріптестіктің тиімді тұстарын талқылап, болашақта бірлесе жүзеге асыруға болатын жобаларды жоспарлады.

Фото автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер