Қазақстан мен Қытай арасында шешілмеген мәселе жоқ – Елбасы - Нұрлы жол|08 Маусым 2017, 12:14
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстан мен Қытай арасында шешілмеген мәселе жоқ – Елбасы

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Сіздердің Астанаға келгендеріңізге өте қуаныштымын. Бұл сіздің жаңа астанамызға үшінші сапарыңыз. Біз ресми түрде үшінші рет кездесіп отырмыз. Бұл қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біздің кездесулер, арамыздағы сенімді қарым-қатынас қос елдің үкімет мен министрліктеріне, ведомстволар арасындағы барлық спектрға оң әсерін тигізеді», - деді Елбасы маңызды кездесуде.

Осы орайда Қазақстан президенті қос ел арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде екендігін алға тартты.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас үлгі аларлықтай. Біздің арамызда шешілмеген мәселе жоқ. Туындаған кез келген мәселе шешімін тауып жатады», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Қазақстан президенті екі елдің арасында экономикалық байланыс берік орнағанын атап өтті.

«Қытай Қазақстанның экономикадағы негізгі әріптесіне айналды. Ол тікелей инвестициялар көлемі, берілген несиелер және біріккен кәсіпорын салалары бойынша. Біз энергетика саласындағы мәселелерді шештік. Қазақстанда мұнайдың 25%-ын қытайлық компаниялар өндіреді. Қазіргі таңда олар келісімшартты ұзартуды жоспарлап отыр. Біз бұл мәселені өте мұқият қараймыз. Себебі, біз өз әріптестерімізбен өте жақсы жұмыс істеп жатырмыз.

Сіздермен бірігіп жұмыс істеген жылдар ішінде 100 млн тонна мұнай, 180 млрд кубтан астам газ Қазақстан арқылы жеткізілді. Қытайдың кеден қызметі берген мәліметке сүйенсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 45%-ға өскен. Ал біздің мәлімет бойынша 30%-ға көтерілген», - деді ол.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы арадағы болашақ жоспарлар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда біз келісім бойынша 51 кәсіпорынның жұмысын Қазақстанға көшіргелі отырмыз. 3 кәсіпорын өз жұмысын істеуде. Ал 6-уы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал қалғандары бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Энергетика мен логистика бойынша да жұмыстар жалғасуда», - деді ол.

Елбасының айтуынша, Қазақстан Қытайдың Ұлы Жібек жолын дамытуға қатысты жоспарын қолдайды.

«Сіздің Ұлы Жібек жолын дамытуға бағытталған «Бір жол, бір белдеу» идеяңызды айрықша атап өткім келеді. Сіз оны алғаш рет бізде жария еттіңіз және біз Ұлы Жібек жолы мен «Нұрлы жолды» белсенді қолдадық. Осы уақыт ішінде Қазақстан Қытайдың шекарасынан Каспий теңізіне дейін темір жол төсеп шығып, Қорғас пен Алматыны жалғастырды. Осылайша, Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияны Қытаймен байланыстыру мәселесі түбегейлі шешілді», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-да талқыланатын мәселелерге тоқталды.

«Ертең біз ШЫҰ-ның отырысына қатысамыз. Бұл өте маңызды. Ең ірі мүшені қабылдайтын боламыз. Сіздермен келіссөздер жүргіземіз. Мен арамыздағы қарым-қатынасты жоғары бағалаймын. Халқымыз Қытайды жақын көрші ғана емес, дос әрі сенімді қарым-қатынас орнатқан әріптес екенімізді біледі. Біз Қазақстанның стратегиялық дамуын сіздің еліңізбен байланыстырамыз», - деп түйіндеді сөзін Елбасы.

Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақ елімен байланысын жоғары бағалайтынын жеткізді.

«Арамызда барлық деңгейдегі жылы әрі тығыз байланыстар қос ел арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипатын паш етеді. Біз мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың үлгісі боламыз деп те айтуға болады. Себебі, байланыстарымыз барынша тығыз. Менің осы жолғы сапарымды тамаша ұйымдастырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мен Бейжің сарайы қонақ үйіне орналасып, өзімді үйімде жүргендей сезінудемін», - деді төраға.

Естеріңізге салып өтсек, ШЫҰ саммиті аяқталған соң «ЭКСПО-2017» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Оған 17 мемлекеттің басшылары мен үкімет мүшелері, министрлер қатысады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер