Астана. 18 қараша. Baq.kz – Мемлекеттегі инфрақұрылымды дамыту арқылы еліміздің туризм саласын дамытуға мүмкіндік зор. Бұл жайында бүгін ОКҚ брифингі барысында техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ агротехникалық университетінің профессор оқытушысы Ибрагим Туғанбаев мәлімдеді.
- Мемлекет басшысы жолдауда елдің инфрақұрылым саласын дамытуға миллиардтаған қаржы бөлінетіндігін мәлімдеді. Ендігі жерде сала мамандары қаражатты тиісті деңгейде тиімді пайдаланып, тапсырманы сапалы орындап шықса, Қазақстанның туризм саласы да ерекше қарқынмен дамитындығы сөзсіз, - дейді Ибрагим Туғанбайұлы.
Сонымен қатар ол, жол салу барысында оның сапасына өте жоғары жауапкершілікпен қарау керектігін тілге тиек етті.
- Біз 1960 жылдары өндірістік тәжірибеден өтетін болып, Калининград қаласына барғанбыз. Сол жақтағы жолмен жүргенде автокөліктің ішінде стақанға құйылған судың қозғалыс кезінде төгілмегенін көріп, қайран алғанмын. Ал, ол жолдың 1910 жылдары салынғанын естіп, тіптен таң-тамаша болғанмын. Міне, бізге осындай жолдар салу керек. Яғни, бұл жолдар арада елу емес, жүз жыл өтсе де сапасын жоғалтпайтын ғасырлық жобалар болуы қажет. Осындай инфрақұрылымдарды дамыту арқылы кең байтақ Қазақстанымызда қатынасу тетігінің тиімділігін арттырамыз. Мұның нәтижесінде, еліміздің туристік саласы дамитын болады, - деді ол өз мәлімдемесінде.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!