Ел өркендеуіне өз үлесін қосу барша азаматтың парызы - Нұрлы жол|23 Желтоқсан 2015, 09:52
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ел өркендеуіне өз үлесін қосу барша азаматтың парызы

Астана. 23 желтоқсан. Baq.kz - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында бүгінгі таңда әлем­дік ахуалдың күрделі кезеңмен ұштасып отырғанын, осындай аса жауапты сәтте бірліктің сақта­луы аса маңызды екенін, ел игілігі үшін аянбай еңбек етудің рөлі зор екенін айтты. Жолдау отандық телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетілгендіктен, Мемлекет басшысы еліміздің әрбір тұрғынымен тілдесіп отырғандай, өз сөзін ха­лықтың барлық буынына арнады.

Бүгінгі жаһандық дағ­да­рыс­­­қа байланысты бүкіл әлем­дік нарықтың барлығы да тұ­рақсыздық сипатында тұрғанын, мысалы, қаржылық, көмірсутектік, азық-түліктік және басқалары да тұрақсыз, құбылып тұрғанын еске салды. Дегенмен, жаһандық дағдарыс қашанда қиындықтар туғызатынын, сонымен қатар, жа­ңа мүмкіндіктер ашуға алып баратынын жеткізді.

Мемлекет басшысы жаһандық дағдарыстың жаңа толқыны болатынын бірнеше рет ескерткенін айта келіп, соған орай, Қазақстан алғаш рет алдын ала әрекет етудің дағдарысқа қарсы стратегиясын қолданып отырғанын мәлімдеді.

Атап айтқанда, елімізде ин­дустриялық-инновациялық да­мудың екінші бесжылдығы бас­талды. Сонымен қатар, инфра­құрылымдық дамудың «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Сондай-ақ, бес институттық реформа бойынша біз «100 нақты қадам» Ұлт жос­па­рын жүзеге асырудамыз. Соған байланысты биыл Парламент 1 қыр­күйектен бастап 60-тан астам заң жобасын қарап, қабылдады. Соның басым бөлігіне Мемлекет басшысы қол қойды.

«Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген қағиданы ұс­та­нып, еңбек етсек, жеңбей­тін қиын­дығымыз болмайтыны анық. Елбасы 1990 жылда­ры тәуелсіздігін жаңа алған елі­міздің қаржы дағдарысынан, бас­­қа да қиындықтардан қалай шыға білгенін, сол кезеңнің өзін­де айрықша жобаларды іске асырғанымызды атап өтті.

Биыл 31 қазанда «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» жаңа Заң қабылданды. Осы заң мем­­лекет-жекеменшік әріп­тес­тігінің құқықтық жағдай­ларын, оның жүзеге асырылу тә­сілдерін айқындайды және мемле­кет­-жекеменшік әріптестігі жобасын дайындау мен іске асыру, мем­лекет-жекеменшік әріптестігі шартын жасасу, орындау және тоқтату үдерісінде туындайтын қо­ғамдық қатынастарды реттейді.

Заң бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға және инфрақұрылым мен халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін дамыту үшін ел экономикасына инвестициялар тарту арқылы тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатымен мемлекет пен жеке бизнестің өзара іс-қимыл шарттарын айқындауға бағытталған.

Осы Жолдауында Елбасы мемлекет-жекеменшік әріптес­тігінің қоғамға кірігуіне Алматы облысында жақсы жұ­мыстар ат­қарылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, 30 қараша күні Қа­зақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болып қабылданғанын жария етті. Ол – құрамына әлемнің 160-тан астам елі енген үлкен халықаралық ұйым.

Бұл оқиғаның халқымыз үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін ел та­рихындағы маңызды кезең болып саналатыны сөзсіз. Өйткені, халықаралық сауда көлемінде еліміз өзіне үлкен міндеттемелер алып отыр, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Сапалы әрі біре­гей қазақстандық тауарлар ха­лықаралық нарыққа шығады, ол үшін өнімдеріміз әлемдік бәсекеге қабілетті болуы тиіс.

Ақша-қаржы саласына арнайы тоқталған Елбасы отандық банк­тер халықаралық деңгейге сәйкес жұмыс істеуі қажет екенін айтты. Сондай-ақ, долларға тәуелді болмай, төл теңгемізбен өмір сүруге шақырды. Шынымен де, күнделікті қажетті барлық тағам­дарды, киетін киімдерімізді теңгеге аламыз. Бұл «Мен – Қа­зақстан азаматымын!» дейтін еліміздің әрбір тұрғынына арнаған сөз деп ойлаймын. Ұлттық салт-дәстүрін, мәдени құндылықтарын, ұлттық валютасын қадірлемейтін ел болмайды. Ендеше, бәріміз де өз байлығымыз бен берекемізді қорғап, оны өркендете түскеніміз жөн.

Үкіметтің алдына жаңа мін­­­­­­­деттер қойылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2016 жылдың I тоқсанының соңына дейін «жұмыспен қамтуды» жаңа жол картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл жаңа бағдарлама осынау қиын кезеңде жұртшылыққа әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында әзірленетінін, онда жергілікті инфрақұрылымдарды, ауылдық аумақтарды дамыту нәтижесінде еңбек нарығының орнықтылығы сақталып қалатыны атап өтілді.

Елбасы, сонымен қатар, са­лық мәселесіне тоқталды. 2017 жылы қазіргі қосымша құн салығының орнына сатудан түсетін салық түрін енгізу қажеттігін ұсынды, тиімсіз салықтық жеңілдіктердің барлығынан бас тартқанымыз жөн екенін ескертті. Осы орайда, салық жүйесін оңтайландырып, салықтың тек үш түрін қалдыруды ұсынды. Осы орайда, Үкіметтің басты міндеті салық жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Тәуелсіздік алғаннан бері қол жеткізген табыстарымыз аз емес. Елбасы 1 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны, 1700-ден астам білім беру ошағы са­лынғанын мысалға келтірді. Елімізде барлық сала бойынша қарқынды даму жүзеге асты. Соған орай, халықтың тұрмысы мен денсаулығы жақ­сарды, жағдайы көтерілді. Бір ғана мысал, қазақстандықтардың орташа өмір жасының ұзақтығы 72-ден асып отыр. «Мұны ең негізгі жетістік деп санауға болады. 10 жылдың ішінде 64 жастан 72-ге дейін бүкіл халықтың орташа өмірін ұзарту ешбір елде кез­дескен жоқ шығар», – деді Н.Назарбаев.

Биыл еліміз тәуелсіздігін алғанына 24 жыл толып отыр. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын екенін осы жылдар ішінде біз көріп-білгенімізді, мемлекетіміз­дің тұғырын мызғымастай ету үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, бұ­ралаңы көп жолдардан өтуге ту­ра келетінін айта келіп, Елбасы Н. Назарбаев: «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету», – деді.

Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы алдағы жаңа белес­тер бастауы болмақ. Осы жолда еңбек етіп, тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлесін қосу барша азаматтың парызы деп білемін.

Әлихан ТОЙБАЕВ,

Парламент Мәжілісінің де­­пу­таты,

«Нұр Отан» пар­­тиясы фракциясының мүшесі 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер