BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

БҚО-да Саратов-Самара айналма жолының құрылысы басталады

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына жөнінде баяндаған облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

«Автомобиль жолдарының жай-күйі біздің өңірімізде өте өзекті мәселе болып отыр. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың арқасында жыл сайын бізде шамамен 500 км жуық жол жөндеуден өтеді. Осы жылы 450 автомобиль жолының құрылысы аяқталады. Осы мақсатқа 32 млрд теңге бөлінген. Республикалық маңызы бар жолдарға келетін болсақ, Инвестициялар және даму министрлігі және ҚазАвтожолмен бірлесіп, 285 км жолды жөндеуден өткіземіз. Облыстың географиялық орналасуын ескере отырып, біздің өңір Еуропа мен Азияны біріктіретін транзиттік дәліз болып табылады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал қаласын Ресей Федерациясындағы Саратов облысының шекарасымен біріктіретін жолдың құрылысы аяқталды», - деді облыс басшысы.

Ол аталған жолдың құрылысы 3 жылға созылғанын атап өтті.

«Егер, бұған дейін екі жолақты жол болса, қазір алты жолақты болып жаңғыртылды. Бұл тауар мен жүк ағынын айтарлық арттыруға ықпал етіп отыр. Статистика келтірер болсақ, біздің шекара арқылы осы жылдың өзінде 1 млн 200 мың көлік жүріп өткен. Сондықтан, Самара қаласына қарай бағытталған жолды кеңейтуді қолға алдық. Ол Орал қаласынан 40 км қашықтықта орналасқан. Қазір «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ бұл жұмыстарды қолға алды және келесі жылдың жаз мезгілінде алты жолақты жол іске қосылады», - деді Көлгінов.

Ол Атырау тас жолы мен Саратов тас жолын біріктіретін айналма жолдың құрылысы ақталып қалғанын, яғни, 32 км жолдың 20 км төселіп қойғанын айтты.

«Келесі жылы қалған учаске бойынша жұмыстар аяқталады. Содан кейін Саратов тас жолы мен Самара тас жолын біріктіретін айналма жолдың құрылысына кірісеміз. Бұл транзиттік магистральді тас жолдар болмақ», - деді Көлгінов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер