Биыл "Нұрлы жол" аясында 4,4 мың шақырым жол жөнделеді - Нұрлы жол|15 Маусым 2017, 18:21
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Биыл "Нұрлы жол" аясында 4,4 мың шақырым жол жөнделеді

Еліміз бойынша «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы да біраз уақыт болды, дейді BAQ.kz

2015 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бағдарлама еліміз дамуындағы негізгі қозғаушы күшке айналды. Әр түрлі салаға бөлініп, халық игілігі үшін жұмыс жасап жатқан бағдарламаның өткен жылғы автомобиль жолдары бағытында жүзеге асқан негізгі басымдықтарына тоқталсақ. 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 920 шақырым автокөлік жолдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, оның 767 шақырымы пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыру үшін 75 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді.

Ал кеше ғана халық алдында есеп берген Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биылғы жылы атқарылуға тиіс жұмыстарға тоқталған болатын.

«2017 жылы бөлінген қаржы есебінен 7 өтпелі жобалардың жұмысы жалғасып, Астана-Қарағанды, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Орталық-Батыс, Қапшағай-Талдықорған, Астана–Петропавл және Орал-Каменка, жыл соңында соның 602 шақырымындағы жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 15 жаңа жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырымды құрайтын 9 жоба Халықаралық қаржы институтының (ХҚИ) есебінен жүзеге асырылатын болады» - деген еді министр.

Егер министрдің айтқанындай болатын болса, биылғы жылы жалпы көлемі 4,4 мың шақырым жол жөнделіп, 100 мың адам жұмыспен қамтылатын болады.

Осы жолы министр биылғы жылы ақылы болатын жолдарға да тоқталды. Оның айтуына қарағанда ақыл жолдар арқылы 30 млрд теңгеге дейін пайда табуға болатын көрінеді.

«Биыл жалпы ұзындығы 469 шақырымды құрайтын Алматы-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас автожолдарын ақылы қылып, төлем өндіріп алу жүйесін іске қосу жоспарлануда. Бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 6 мың шақырымға жетіп, сол арқылы жыл сайын 30 млрд теңге көлемінде қаржы жиналады деп болжануда» - деген еді Жеңіс Қасымбек.

Ал осы жерде ақыл жолдың азаматтарға қандай пайдасы болуы мүмкін деген сұрақ туындайды. Ақылы жолмен жүрген адамның қауіпсіздігі, сапалы жолмен жүруі қамтамасыз етілу керек. Осыған байланысты министрлік жол бойындағы қызмет көрсетуді жақсарту аясында халықаралық талаптарға сай жаңадан 50 қызмет көрсету нысанын салып, қазір жұмыс істеп тұрған 800 нысанды жаңғыртуды жоспарлап отыр екен.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында еліміздегі бірқатар автожолдар, тасжолдар мен күре жолдар қайта жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне беріле бастады. Мысалы Қарағанды-Астана, Астана – Павлодар, Алматы-Өскемен, Алматы-Қапшағай жолдары соның айғағы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер