Баспаналы болу – бір бақыт - Нұрлы жол|30 Шілде 2015, 10:52
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Баспаналы болу – бір бақыт

Астана. 30 шілде. Baq.kz – Бақыт деген ұғымның, бақытты болу деген мәселенің аясы кең, әрине. Алайда, дәл бүгінгі таңда бақтың да, қуаныштың да үлкені - баспаналы болу екеніне көпшіліктің келісетініне күмәніміз жоқ. Бұл орайда қазақстандықтардың көңіліне «Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасы кәдімгідей үміт сыйлағанын айта кеткен жөн. 

Аталған бағдарламаның еліміздің үшінші қаласы – Шымкентте орындалуы еліміздің өзге өңірлеріне үлгі болғандай. Мәселен, осы бағдарлама аясында Шымкентте өткен жылы ғана 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жалпы ауданы 26697,2 шаршы метрді құрайтын 8 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда 2915 пәтерлі қалған 38 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Демек, таяу арада тағы да 2915 шымкенттік қоныс тойын тойлайды деген сөз!

Біз жоғарыда айтқан 8 үйдің біреуі – арендалық тұрғын үй. 63 пәтерлі бұл үйдің жалпы ауданы – 4226,5 шаршы метр. Бұл үй осы жылдың мамырында пайдалануға берілді. Қалған 7 үй кешегі маусым айының ортасында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы иелеріне табыс етілді.

- Біз үлкен өмірге енді жолдама алған жас отбасыларды сөзбен емес, іспен қолдауға тиіспіз. Үлкендер секілді олардың да өз баспаналары болуы үшін еңбектенуіміз керек. Сондықтан да тек жас отбасыларға арнап, 216 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастадық. Бұл үй де көп кешікпей пайдалануға беріледі, - дейді Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Бұдан бөлек, бұл күндері Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан екі тұрғын үйдің құрылысы бітуге таяу. Құрылысшылар оны жыл аяғына дейін тапсырамыз деп отыр.

Жыл аяғына дейін тапсырылатын үйлердің саны мұнымен де бітпейді. Жергілікті билік жалпы ауданы 104440,68 шаршы метр болатын жиырмадан аса тұрғын үйді желтоқсан айының аяғына дейін бітіру үшін бар күш-жігерді жұмылдыруда. Рас, бұл үйлердің барлығы да тұрғындарға жалға беріледі.

Бір сөзбен айтқанда, Шымкентте қарбалас тірлік. Үлкендер жағы «тұрғын үйлер кешегі кеңес өкіметінің кезінде де мұндай қарқынмен салынбаушы еді» дейді. Ендеше, мұндай тірлікке тек қуана білу керек қой.

Серғали БАЛАЖАН


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер