Астана-Павлодар тас жолының жыры - Нұрлы жол|01 Тамыз 2017, 11:52
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астана-Павлодар тас жолының жыры Эксклюзив

Фото: Хабар

Бұл жолдың жырын тым әріден бастауға болады. Осыдан тура 5 жыл бұрын, 2012 жылы Елбасы Астана-Павлодар тас жолының мәселесін шешуді сол кездегі құзырлы орындар мен облыс әкіміне арнайы тапсырған болатын. Сонымен "Орталық-Шығыс дәлізі» аталған «Астана-Павлодар-Қалбатау-Өскемен» күре жолына 1000-нан астам қызметкер тартылып, қыруар қаржы бөлінген еді. Өкініштісі автобан аяқталар түрі көрінбейді.

Басында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дейін тым болмаса бір бағытының екі жолағын пайдалануға береміз деп құлшынған құзырлы мекемелер, соңғы кезде үнсіз қалып отыр.

«Қаржы бөлініп, мердігер белгіленген болса, жолдардың құрылысын ұзаққа созбай ерте тапсыруға болады. Астана-Павлодар республикалық тас жолын ЭКСПО-ға дейін тапсыру керек, - деген еді Болат Бақауов.

Ал шын мәнісінде Астана-Павлодар бағытында Новомарковка (Астанадан 92 шақырым) ауылына дейінгі бөлігі ғана пайдалануға берілген. Онда да жол белгілері толық қойылмаған, айналып өтер айналмалары көп. Ал қалған 300-ден астам шақырымның қашан бітетінін ИДМ Жеңіс Қасымбек мырза 25 шілде күнгі Үкімет отырысында айтты.

Оның сөзіне қарағанда биылғы 2017 жылдың соңына дейін бұл жол толықтай аяқталады деп сендірді.

Дегенмен өткен жылы ғана дәл осы бағытқа құйылған қаржы 60,5 млрд теңгені құраған еді. Соған қарамастан жол құрылысы тоқырап, жол құрылысына 20 млрд теңге тағы керек болды деп алақан жайған еді мердігерлер.

Бұл туралы 2016 жылдың маусым айында ИДМ баспасөз қызметі «Биылға 20 млрд теңге тапшылығы сезіліп отыр. Қаржы министрлігі 2017 жылға берген лимиті бойынша аталған учаскені аяқтау 2018 жылға жылжыды» деген ақпарат та таратқан болатын.

Қалай дегенмен де халық игілігі үшін жасалып жатқан жол құрылысының тым ұзаққа созылып кеткені жолаушылардың жүйкесіне тие бастаған сыңайлы.

«Мен Моңғолия мен Қазақстан арасына такси жүргіземін. Осы екі ортада жүріп жүргеніме 3-4 жыл болды. Жол құрылысы тезірек аяқталса бізге де жақсы еді. Қазір айналасы 1700 шақырымға үш күн уақытымыз кетеді. Қазақстан шекарасына өткен соң, осы Астана-Павлодар жолының өзіне бір тәулік уақытымызды жұмсаймыз. Новомарковкаға дейін 15 минут, қалған жол 15 сағатқа созылады. Тіпті Ерейментау мен Екібастұз арасына жүрудің өзі қиындап барады. Жауын-шашын болған күндері жүре алмай қаламыз» - дейді жүргізуші Еркін.

2015 жылы қаржы жоқтықтан бұл жол бойында жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың көбі қайтып кеткен. Тіпті кейбіреулері 4-5 ай жалақысын да ала алмаған сол кезде. Бұл туралы кезінде БАҚ барынша жазған еді. Ал қазіргі уақытта жол бойынан қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын көре алмайсыз.

«Барлығы халықтың игілігі үшін жасалып жатқандықтан шыдауға тура келеді. Әйтпесе ауыл маңын қорыс-қопа етіп талқандап тастады. Жаңбыр жауса лайсаң балшық кешеміз. Не бітпеді, не қоймады. Жол төселеді дегенде ауыл іргесінен өтеді ғой деп қатты қуанған едік, бірақ мынадай балшық кешіп жүргенімізге 3-4 айдың жүзі болды» - дейді жол бойындағы ауыл тұрғындарының бірі.

Айтпақшы, бұл жол әлі толық бітпесе де болашақта ақылы болатын жолдар қатарында тұр екен.

Әрине, қырқына шыдап, қырықбіріне шыдамайтын емес, Алла амандық берсе министрдің уәде еткеніндей 2017 жыл да аяқталар, автобаннің аяқталуын сол кезде көретін боламыз. Ел игілігіне жарасын деп тілейік.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер