Астана. 24 қараша. Baq.kz – Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында елімізді әлеуметтік модернизациялау мәселелері қозғалған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымдық оқу, сонымен қатар, балабақшалардың жетіспеушілігі мәселелерін шешу жөніндегі міндеттерді алға қойды. Мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын азайту үшін үш жыл бойы қосымша 20 млрд теңге бағытталмақ.
Астана қаласының Білім басқармасының мәліметінше, қазіргі кезде елордада 76 мемлекеттік және 73 жеке меншікті балабақша жұмыс істейді. Сонымен қатар, қалада 25 шағын орталық, «мектеп-бақша» форматындағы 5 ұйым және 2 ведомстволық балабақша ашылған.
Бүгінгі таңда елордада 34 195 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылған детей, 83 551 бала балабақшаға кезекте тұр. Мектепке дейінгі білімге мұқтаж 3-6 жастағы балалар саны 31 148 адамды құрайды.
Еске салайық, Астана қаласы Құрылыс басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін жалпы 1260 орынға есептелген 5 балабақша мен бір қосымша ғимараттың құрылысы аяқталады.
Бұдан басқа, 1960 орынға арналған 8 балабақшаның құрылысы жалғасуда.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!