Астана күні қарсаңында 500-ге жуық көкшетаулық баспаналы болды  - Нұрлы жол|05 Шілде 2017, 14:54
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астана күні қарсаңында 500-ге жуық көкшетаулық баспаналы болды 

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана күні қарсаңында Көкшетауда 500-ге жуық тұрғын баспаналы болды. Қала тұрғындарын осы қуанышымен облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Сарыарқа» шағын ауданында бой көтерген көпқабатты үйлердің кіреберіс есіктеріне түрлі-түсті шарлар ілініп, бүгін ерекше күн екендігінен хабар беріп тұрды. Қуаныштан жүзі бал-бұл жайнаған жұртшылық ағылып келіп жатты. Бұл баспаналы болғалы тұрған көкшетаулықтардың көптен күткен сәті.

Бұл күні облыс басшысы 500-ге жуық тұрғынның әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедек және толық емес отбасылар санатындағы топтарына пәтер кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.

«Қолжетімді баспана бағдарламасы Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Жыл сайын елімізде миллиондаған шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Біздің облысымызда да бұл көрсеткіш жылма жыл артып келеді. Биылғы жылдың 6 айында облыс орталығында 90 мыңнан астам шаршы метр баспана халық игілігіне жарады. Бұл жылдық жоспардың 70 пайызын құрайды. Осы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады», – деген облыс әкімі пәтер кілтіне ие болған көкшетаулықтарға бақ-береке тіледі.

Облыс және қала басшылары баспаналы болған екі отбасының пәтеріне кіріп, жайылған дастарханнан дәм татып, тұрғындармен шүйіркелесті. Әңгіме барысында халыққа жасалып жатқан жағдай, әлеуметтік мәселенің оң шешімін табуы жайлы айтылды. Сондай-ақ өңірді дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуына тұрғындардың да белсенді қатысуы маңызды екені ортаға салынды.

Үш бөлмелі пәтерге қолы жеткен ауған жауынгері Қайрат Сәдуақасовтың отбасы шаттыққа кенелді. Туған-туыстары да мәз-мейрам. Облыс және қала басшылары интернационалист-жауынгердің жаңа пәтеріне арнайы кірді. Шашу шашылып, тілектер ақтарылған қуанышты сәттің куәсі болды.

Өз кезегінде тұрғындар да қуаныштарымен бөлісіп, пәтерге қол жеткізгені үшін ел Президентіне, облыс басшылығына алғыстарын білдірді.

«Мен пәтер кезегінде 17 жыл тұрдым. Міне арманым бүгін орындалды. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Ауданнан қалаға көшіп келгеннен бірден пәтер кезегіне тұрдым. Талай жыл төзімділікпен күткен жайлы да жаңа баспанаға қолым жетіп, қолыма тиген кілтіммен пәтерімнің есігін ашқанша тағат табар емеспін. Барлық көкшетаулықтар мен сияқты пәтерге ие болсын», – деген ақжарма тілегі білдірді қала тұрғыны Майя Құлболдина.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер