Ақтөбе облысында құны 16,2 млрд. теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылуда - Нұрлы жол|18 Шілде 2017, 20:42
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ақтөбе облысында құны 16,2 млрд. теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылуда

Ақтөбе облысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz.

Ақтөбе қаласының, аудан әкімдері, облыстық атқару органдары мен мердігер құрылыс ұжымдарының басшылары мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаражаттың игерілуі бойынша атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді.

Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін өңірге ұлттық қордан 16,2 млрд. теңге бөлінді. Олардың қатарында құны 13,9 млрд. тг болатын 8200 оқушыға арналған 16 білім беру нысаны, сонымен қатар, құны 2,3 млрд. тг болатын сумен жабдықтау және су тарту жүйелерінің 10 нысаны бар.

«Ағымдағы жылы жүзеге асырылып жатқан 16 нысанның 400 орындық 10 білім беру нысаны, соның ішінде Ақтөбе қаласында 2440 орындық 6 мектеп пен Қобда ауданының Қобда ауылында, Мәртөк ауданының Хлебодар, Родниковка ауылдарында және Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында барлығы 1560 орынға арналған 4 мектеп пайдалануға беріледі. Нысандарды салу үшін 1 505 уақытша жұмыс орындары құрылды»,-деп мәлімдеді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергенов.

Ақтөбе қаласындағы және Алға ауданының Алға қаласындағы, Хромтау ауданының Дөң ауылындағы 4 200 орындық 6 мектептің құрылысы 2018 жылы аяқталады.

Сондай-ақ, сумен жабдықтау және су тарту нысандарының құрылысы мен қайта құру жұмыстары да жүргізілуде. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 110,2 шақырым болатын 6 нысан пайдалануға беріледі. Олардың қатарында Шалқар ауданының Біршоғыр бекетіндегі, Мұғалжар ауданының Алтынды, Ащысай, Мұғалжар ауылдарындағы, Қобда ауданының Терісаққан, Бестау ауылдарындағы сумен жабдықтау нысандарының құрылысы мен қайта құру жұмыстары.

2018 жылы Шалқар ауданының Бегімбет ауылындағы кәріз жүйесінің, Темір ауданының Шұбарқұдық ауылындағы су құбырының, Қарғалы ауданының Ақкөл ауылындағы сумен жабдықтау жүйесінің қайта құру жұмыстары, Әйтеке би ауданының Тымбұлақ ауылындағы су құбыры жүйесінің құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталмақ.

Аталмыш жобаларды жүзеге асыру сумен жабдықтау, су тарту желілерінің тозуын, сумен жабдықтау желілеріндегі апаттарды азайтуға, сонымен қатар халықтың 92,6%-ын орталықтандырылған сумен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырып, мердігер ұйымдардың басшыларына нысанды пайдалануға беру мерзімін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатындықтары туралы ескертті.

«Нұрлы жол» - негізгі мемлекеттік бағдарламалардың бірі және мемлекет басшысының жеке бақылауында. Барлық нысандар мерзімінде тапсырылулары тиіс, сонымен қоса құрылыс сапасы жөнінде де ұмытпаған жөн. Жұмысты сапасыз орындаған немесе құрылыс мерзімін бұзған барлық мердігер ұйымдарға тиісті шаралар қолданылады»,-деп сөзін түйіндеді Б.Сапарбаев.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер