BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жеңіс Қасымбек: Біздің биылғы міндетіміз - 12,1 млн шаршы метр тұрғын-үйді пайдалануға беру

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін Астанадағы Қазмедиа орталығында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің халық алдындағы есептік кездесуі болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, инвестиция және даму қоғамдық кеңесінің мүшелері, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның, «KazakhInvest» ҰК басшылары, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, министрлік пен оған бағынысты ұйым қызметкерлері қатысты.

Министр өз баяндамасында 2017 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары мен 2018 жылдың міндеттеріне тоқталды.

Атап айтқанда, министр индустрия мен жаңа технологиялар саласындағы жетістіктерді, инвестиция тарту, экспортты ілгерілету, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту, көлік және логистика, геология және жер қойнауын пайдалану, техникалық реттеу және метрология салалары туралы айтты.

Экономиканың технологиялық күрделілігінің жалпы қабылданған индексіне сәйкес Қазақстан 2010-2016 жылдары өз жағдайын 30 позицияға жақсартты (92 орыннан 62 дейін). Бұл біздің әлемдік нарыққа неғұрлым бәсекеге қабілетті түрлі тауарларды өндіріп, экспортқа шығарғанымызды білдіреді. Қазіргі уақытта тартылатын тікелей шетелдік инвестицияларының әрбір төртінші доллары өңдеу секторына келеді, оның жалпы ағынының үлесі 2017 жылдың қорытындысы бойынша 25% құрады.

Жалпы индустрияландыру басталғаннан бері (2010-2017 жылдары үшін) 6,1 трлн. теңге сомасына 1 148 жоба іске қосылды, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды, соның ішінде 2017 жылы 1,5 трлн. теңгеге 120 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

«Мысалы, біз бұрын экспортқа толығымен кететін тек бокситтер мен глиноземді өндірсек, Қазақстандық электролиз зауытын іске қосу арқылы алғашқы алюминийді өндіру басталды – бұл екінші қайта жасау. Өткен жылы «Giessenhaus» ЖШС жобасы аясында легирленген алюминийдің өндірісі бойынша 3-ші қайта жасауды бастадық. Осы жобамен алюминийден жасалатын автомобиль дискілерінің дайын өндірісі басталды» - деді баяндамасында Жеңіс Қасымбек.

Машина жасау өнімдерінің ассортименті біздің елде бұрын ешқашан өндірілмеген жоғары технологиялы тауарлармен толықты. Мысалы, бұл алдыңғы қатарлы стандарттарға жауап беретін локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагоны, тау-кен және мұнай-газ қондырғылары. Салада General Electric, General Motors, Alstom, Talgo, LG және т.б. белгілі компаниялар жұмыс істейді.

Биыл қолданыстағы өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының базасында модельдік цифрлы фабрикалар құру жобасын іске асыру басталды. Қазіргі уақытта іріктелген кәсіпорындарды технологиялық диагностикадан өткізу және оларға цифрлы технологияларды енгізу жол картасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

«Цифрлы технологияларды енгізуге едәуір дайын Тау-кен металлургия кешені салаларының кәсіпорындары. 2025 жылға дейін 146 млрд. теңге сомасына жүйе құраушы кәсіпорындардың цифрландыру элементтерін енгізу бойынша 14 жоба анықталды. Іске асырылған жобалардан біз қазір компания ішінде процестердің тиімділігін арттыруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату мүмкіндіктері барын көріп отырмыз» -деп атап өтті министр.

Құрылыс саласында өткен жылдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы рекордтық 11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалуға беріліп, 100,8 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.

«Салаға тартылған инвестициялар 2016 жылмен (830 млрд тг) салыстырғанда 18%-ға ұлғайды және шамамен 980 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде, мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне жеке инвестициялардың 5 тенгесі тартылды. Биылғы біздің міндетіміз - 12,1 млн шаршы метр тұрғын-үйді немесе шамамен 108 мың баспананы пайдалануға беру» - деді министр.

Кездесу Министрліктің ресми сайтында және әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Қазақстандықтар министрге сұрақтарын жібере алатын мүмкіндік жасалды. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірі есептік кездесуге селекторлық байланыс режимінде қатысты.

Халықпен сұхбат барысында министрге көлік, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, азаматтық авиация және басқа да салалар бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Есептік кездесуден 3 апта бұрын министрлікте әрбір азамат министрге өзін толғандырған сұрағын жолдай алатындай 983000 нөмірі бойынша CALL-орталық іске қосылған болатын.

Есептік кездесуде министр жауап беріп үлгере алмаған сұрақтардың жауабы министрліктің сайтына орналастырылатын болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер