BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Петропавлдың кіре берісіне жыраудың ескерткіші қойылады

Петропавлда көпшілік «ДСР» деп атап кеткен шағын аудандағы жеке тұрғын үйлер сүріліп жатыр. Олардың орнын зәулім ғимараттар баспақ. Жаңа аудан «Жас өркен» деген атқа ие болып, көшенің басына Қожаберген жыраудың ескерткіші қойылмақ. Қазіргі таңда ел сәулетшілері арасында ескерткіштің жобасына байқау жарияланды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгінде терезелеріне дейін жерге кіріп кеткен, кейбірінің салынғанына ғасырға жуық уақыт өткен ескі лашықтар сүріліп жатыр. Орнына аспанмен таласқан зәулім тұрғын үй кешендері, заманауи әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтермек.

«Жоспар ауқымды. Жұмысты қалаға кіре берістегі көпірді жаңартудан бастап жатырмыз. Көше бойындағы ескі үйлер сүрілуде, сұрықсыз дүңгіршектер алынып тасталуда. Қазіргі таңда Жамбыл көшесі мен тағы екі көшеге жарық-диодты және қуат үнемдейтін шамдар ілінуде. Жасыл желек егіліп, сәнді қоршаулар орнатылады. Бір сөзбен қаланың кіре берісі жаңа кейіпке енеді», – дейді Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағамбетов.

Жамбыл көшесі бойында жаңартылатын аумақ 62 гектарды алып жатыр. Салынатын нысандар ішінен әлемдік стандарттарға сай теннис орталығын, прокуратура ғимаратын, Оқушылар сарайын және заманауи театрды ерекше атап өткен жөн. Оқушылар сарайының жалпы ауданы 13,5 мың шаршы метрді құрамақ, 1800 балаға шақталған. Үйірмелерге арналған 40 бөлме, 4 шеберхана, 8 зертхана және 3 көрме залы жобаланған. Бұлардан бөлек концерт, конференция, арт залдары мен мұражай, дыбыс жазу студиясы, медиатека болады. Және өңіріміздің білікті IT мамандарына арналған орталық та осында орналасады.

Ал әмбебап теннис орталығында бір мезетте мың көрермен сиятын зал болады. Кешенде 4 жабық және үш ашық теннис корт жабдықталмақ. Кейбір корттар қажет болған жағдайда баскетбол және волейбол ойнайтын алаңдарға айналдырылмақ. Жоба құны 1,8 млрд. теңге. Қала әкімінің сөзінше, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша салынып жатқан жаңа нысан тек спорттық қана емес, бұқаралық және мәдени шараларды өткізуге де ыңғайлы.

Республикалық бюджет қаржысына бой көтеретін облыстық прокуратура ғимараты да қаладағы еңселі нысандардың бірі болмақ. 500 көрерменге арналған залы бар театр ғимараты Исмаилов-Жамбыл-Челюскин көшелері түйісетін тұста салынбақ. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттарына түзету енгізу жұмыстары жалғасуда. Олардан бөлек бірнеше тұрғын үй кешендері бой көтереді. Ең биік үй 18 қабаттан тұрмақ. Қазірдің өзінде «Казградстрой» құрылыс компаниясы салған «Мечта» және «Қызылжар» тұрғын үй кешендері көшеге көрік беріп тұрғаны анық. Соңғы үлгіде жабдықталған спорт сарайының да қысы-жазы есігі бір жабылған емес.

«Мен «Жас өркен» ауданында 5 жылдан бері тұрамын. Соңғы 2-3 жыл ішінде ол қатты өзгерді. Спорт сарайы салынды. Енді оқушылар сарайының салынатынын естіп қуанып жатырмыз. Біздің қаламызға осындай мәдениет орындары керек-ақ. Зәулім үйлер де бой көтеріп жатыр. Бұрынғы айқыш-ұйқыш жолдар жөнделді. Қаламыздың осылай көркейіп келе жатқандығы қуантады», - дейді қала тұрғыны Еркегүл Есмағұлова.

Бүгінгі таңда Петропавл қаласы бойынша 13 мыңдай адам баспана кезегінде тұр екен. Биыл жыл соңына дейін бір мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Ал «Жас өркеннің» тұрғын үй кешендерінің құрылысы біткен кезде қоныс тойлары еселеп көбейетіні анық.

«Жас өркен» шағын ауданында 11 тұрғын үй кешені салынады деп жоспарланған. Бұл шамамен екі мыңдай пәтер. Тұрғын үй кешендері әлемнің озық үлгілері бойынша тұрғызылмақ. Мысалы қазір біз 332 пәтерлік баспананы салуға байқау жарияладық. Бір үйде мыңнан астам адам тұрады деген сөз. Бұл бір ауылдың халқына тең. Сондықтан үйдің бірінші қабатына сәбилерге арналған шағын орталық орналастырылады», – дейді Петропавл қаласының әкімі.

Баспаналардың дені мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынбақ. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен де тұрғызылатындары бар. Осылайша еліміздегі ең көне қалалардың бірі Қызылжар жасарып, бұрынғысынан да жайнай түспек.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер