BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Петропавлда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша шағын аудан салынбақ

Петропавлда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Солнечный кентінде шағын аудан пайда болмақ. Елді мекенде алдағы үш жылда 2000 үй салу жоспарланған. Баспана тұрғызу үшін жер телімдерінің иелері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жергілікті филиалының көмегіне де жүгіне алады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгінгі күні Петропавлда жер телімін алу үшін 8600 адам кезекте тұр. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдараламасы бойынша биыл Солнечный кентінен 500 учаске берілді. Бейімбет Ақмағамбетовтың анасы 10 жыл бойы жер кезегінде тұрған екен. Жуырда мемлекеттік органнан қуанышты хабар алып, отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10 соттыққа ие болды. Оған қоса, баспана тұрғызуға ұсынылып отырған шарттар да тиімді. Жаңа ауданның үйлері типтік жоба бойынша салынады.

«Ойлануға тұрарлық ұсыныс. Мұндай тиімді баға ешқайда жоқ. Көптен күткен жер телімін алып қуанып едік, енді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы үй салуға болатынын біліп жатырмыз. Бастапқы жарнаны салып, қалған соманы кейін өтеуге болады», – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Бейімбет Ақмағамбетов.

Бекітілген жобаға сай жер үйлердің ауданы 80-нен 180 шаршы метрге дейін болады. Тапсырыс берушіге жаңа баспананың бір шаршы метрі 100 мың теңгеге бағаланып отыр.

«Әзірге ипотекалық несие бойынша 72 жер үй салуға құжат қабылданады. Аталған аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 1 млрд. 266 млн. теңге бөлініп отыр. Су тартылып, электр бағандары орнатылады. Жол салынады. Жер телімдерінің иелері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы немесе өздері де құрылыс жүргізе алады. Тек үйлер белгіленген жоба бойынша салынуы шарт», – дейді Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сабыралин.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы ипотекалық несие алу үшін жер участкесі несиелік мерзім аяқталғанға дейін жалда болуы керек. Бағдарлама қатысушылары үйдің жалпы құнының 30 пайызын жинауы шарт. Пайыздық үстеме ақысы да әдеттегідей 8 пайыз емес, 5 пайыз», – дейді «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры Райхан Әбдірахманова.


Петропавл қаласы бойынша баспана кезегінде тұрғандар саны 18 мыңнан асады. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілмек.

ФОТО: Автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер