BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодарда тұрғын үй мәселесі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шешілуде

Павлодар қаласындағы күрмеуі күрделі тұрғын үй мәселесі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде шешімін тауып жатыр. Бұдан бөлек облыста бағдарлама арқасында жеке тұрғын үй кешендері бой көтереді, деп хабарлайды Baq.kz өңірдегі тілшісі.

Еске сала кетсек, «Алюминстрой» шағын ауданындағы екі қабатты үйлер Павлодардағы алюминий зауытының қызметкерлері үшін салынған. 60 жылдық тарихы бар нысандар әбден ескіріп, қирауға шақ қалды. Аталмыш тұрғын үй кешенінің аумағында осылайша әрқайсысы 8 пәтерден 159 үй бой көтерді. Шағын аудандағы 1272 пәтерде 4 мыңға жуық азамат тұрады. Олардың кейбіреулері адам тұруға жарамсыз. Сондықтан, бірнеше жыл бұрын ескі үйлер сүріле бастады. Ал олардың орнында «Сарыарқа» деп аталған жаңа шағын аудан салына бастады. Тұрғындардың мәселесін оңтайлы шешу жұмыстары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жандана түсті.


Павлодар қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, жаңа шағын ауданда 9 қабатты 40 үй салынады. 4200 пәтер халық игілігіне беріледі.

«Биылғы жылы жалпы аумағы 26,2 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлердің құрылысы жалғасын табады. Пәтер саны – 374. Жалпы, облыс орталығында бір жылда кем дегенде 10 үйдің құрылысы жүргізіледі», - дейді Павлодар облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Райысов.


Жаңа ауданда балабақшалар, халыққа қызмет көрсету және әлеуметтік-мәдени нысандар салынады.

«Қазіргі уақытта 8 үй салынды. Кезекте тағы 4 үй бар. 2020 жылға қарай «Сарыарқа» шағын ауданында 40 нысан бой көтереді. Құрылыс барысында модельдеу мен үйлерді салу кезінде инновациялық технологиялар қолданылады», - дейді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов.

Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін бұл шағын ауданда 583 пәтер қолданысқа берілді. Көпқабатты үйлердің бір бөлігі Павлодардағы тұрғын үй комбинатының материалдарынан салынады. Кәсіпорын екі жыл бұрын финн технологиясы негізінде жұмысын бастады. Қазіргі кезде шағын ауданда инженерлік инфрақұрылымның құрылысы қатар жүргізіліп жатыр.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер