BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Нұрлы жер» бойынша қанша адам баспаналы болды?

Қазіргі кезде жер алу мен баспаналы болу қазақстандықтардың күйіп тұрған мәселесі болып саналады. Әр адамның көкейінен түспейтін осы игі арманды орындау үшін мемлекет «Нұрлы жер» бағдарламасын қабылдаған. Мемлекет деңгейіндегі ауқымды бағдарламаның қабылдана салысымен іске асып кетпейтіні тағы белгілі. Оған адам еңбек күші мен қыруар уақыт һәм қаражат керек. Осы мақсаттарды ретімен орындау үшін бағдарлама баспалдақтарын кезең-кезеңге бөліп қарастыру шарт.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған алған тың жоба қазірдің өзінде халыққа алғашқы шарапатын да тигізе бастады. Бағдарламаны құрастырып, келешекке кемел көзбен қарай алатын мамандар жылда 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үйді салып бітіреміз дейді. Былай қарасаңыз аз баспана емес. «Нұрлы жердің» сәтті жүзеге асуы арқылы халықтың баспанаға қол жеткізу мүмкіндіктері кеңейіп, үйлі болу жағдайлары кешенді түрде шешілмек. Бағдарламаның бірнеше бағыттан тұруы да заңдылық. Бұл ретте «Нұрлы жер» ипотекалық несиелеуді басты көзір етіп отыр. Бұған еліміздегі екінші деңгейлі банктер көмекке келіп, тиісті субсидиялау мәселесін шешіп бере алады. Тағы бір қуантатыны бағларлама жеке үй саламын деушілерді де қолдап отыр. Бұл үшін қажетті несиелік ресурстар ұсынылмақ. Тіпті бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 11 миллиард теңге қарастырылып, ұлттық экономика министрлігі 600 мың шаршы метр жеке үй бой көтереді деп мәлімдеп те үлгерді. Бұл үйлердің тең жарысты тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына ұсынылады екен. Демек, ТҚЖБ салымшылары енді тек ғана көпқабатты үйлерден емес, жеке үйлерден де үміт ете алады деген сөз.

Сатып алу арқылы ғана емес, жалдамалы тұрғын үй мәселесін де жолға қоямыз деген бағдарлама, әр қазақстандықтың бас-басына 10 сотықтан жер беруді де тиімді деңгейде шешіп беруге білек сыбана кіріспек. Бұл үшін азаматтар әкімдікке кезекке тұруға тиіс.

Биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр. Бұл дегеніңіз 99 мың пәтер өз қожайындарын күтеді деген сөз. Олардың 1,5 млн шаршы метрі (25 мың пәтер) мемлекеттік инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Биылғы 6 ай ішінде барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 5,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Оның мемлекеттік инвестиция есебінен салынғаны 461,2 мың шаршы метр тұрғын үй. Әзірге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер көбірек еңсесін тіктеген қалалардың көшін Астана бастайды. Елордада 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне ұсынылып үлгерді. Ал Алматыда 928,8 мың шаршы метр, Маңғыстауда 542,6 мың шаршы метр және Оңтүстік Қазақстан облысында 318,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.

Ал жалпы республика бойынша 47 738 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның:

  • 14 529-ы жеке үй (2321 мың шаршы метр)
  • 33 209 көпқабатты үй (3222 мың шаршы метр)

Анықтамалық:

Бағдарлама аясында 461,2 мың шаршы метр берілді (7358 пәтер).

  • 118,5 мың шаршы метр (1686 пәтер) – жергілікті атқарушы органдардың несиелік тұрғын үйі;
  • 240 мың шаршы метр (3959 пәтер) – «Бәйтерек девелопмент» тұрғын үйі;
  • 66,1 мың шаршы метр (1194 пәтер) – «ҚИК» АҚ арендалық баспана есебінен беріледі.

2016 жылы бағалы қағаздарды шығару арқылы кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы Ұлттық қордан 67 млрд теңге бөлініп, оның 56,9 млрд теңгесі немесе 85,1 %-ы игерілді. Бөлінген қаржыға 2016-2018 жылдары 623,9 мың шаршы метр (9852 пәтер) тұрғын үй тұрғызылу жоспарланып отыр. 1 шілдеде 140,8 мың шаршы метр (1954 пәтер) немесе жоспардың 22,6 пайызы пайдалануға берілді. Оның 118,5 мың шаршы метрі (1686 пәтер) 2017 жылы ел игілігіне жарады. Тағы да жыл соңына дейін тағы 406,2 мың шаршы метр үй соғылып (6819 пәтер), баспана кезегінде тұрған отбасылар қоныс тойын тойлайды деп болжануда. Жоспар бойынша 2018 жылы 1079 пәтер құрылысы толыққанды аяқталмақ.

«Бәйтерек девелопмент» АҚ желісі бойынша 2016 жылы бөлінген 113 миллиард теңгенің 95,6 миллиард теңгесіне келісім-шарт жасалды. Осы жылдың 1 шілдесіне дейін 72,5 миллиард теңге игерілді. 2016-2018 жылдар аралығында жалпы аумағы 588,7 мың шаршы метр (9831 пәтер) болатын тұрғын үй құрылысын аяқтау жоспарланған. 1 шілдеде оның 368,5 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Яғни, бұл дегеніңіз 5995 пәтер. Ал 2017 жылы бұл жоспардың еншісіндегі 240,0 мың шаршы метр (3959 пәтер) пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 149,7 мың шаршы метр (2611 пәтер), ал 2018 жылы 70,5 мың шаршы метр (1225 пәтер) салынып бітеді деп отыр мамандар.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларын несиелендіру негізінде бағдарлама аясында Ұлттық қордан 22 миллиард теңге бөлініп, оның 6,4 миллиард теңгесі игерілген (2016 жылы – 2,9 миллиард теңге, 2017 жылы – 3,5 миллиард теңге).

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ» дан 97 миллиард теңге бөлініп, оның 72,1 миллиардына келісім жасалған. 7 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары аумағында 2018 жылдың наурыз-маусым айларында жалпы аумағы 306,4 мың шаршы метр (6048 пәтер) болатын тұрғын үй құрылысын аяқтау көзделген. 2017 жылы өтеусіз жалға беру баспанасы құрылысына 25 миллиард теңге көлемінде мақсатты трансферт бөлініп, ол өңірлер арасында 1,5 млрд теңгеден үлестірілді.

Құрылыс жүріп жатқан аудандарда инженерлік коммуникация жұмыстарының лайықты деңгейде жүргізілуі үшін республикалық бюджеттен 83,4 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Өңірлердің еншісіне деп берілген 33,8 миллиард теңгенің 29,2 миллиарды 1 шілдеге дейін толыққанды игерілген. Аталған ақшаға 3633 шақырым желі тартылып, оның ішінде жеке тұрғын ұй құрылыстары орналасқан 60 мың жер теліміне желі тартылады деп көзделіп отыр. Әсіресе, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарындағы жер телімдерін инженерлік коммуникациямен жабдықтау жоспарлануда.

Ал «Қазақстанның Ипотекалық компаниясы» АҚ қазына қаражаты есебінен 30,5 миллиард теңге бөліп, 2016 жылдың басынан бері 224 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын бастаған. Әу баста жоспарға алынған 3933 пәтердің 2017 жылы 2371-і тұрғындардың пайдалануына беріледі деп жоспарланса, 2018 жылы 1562 пәтер өз иелеріне құшақтарын айқара ашпақ. Ал Ұлттық қордан артылған 10,5 миллиард теңгеге «ҚИК» АҚ Шығыс Қазақстан облысы, Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Қостанай, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан 1194 пәтер алған.

Сонымен қатар, бағалы қағаздарды шығару есебінен бағдарлама аясында бірыңғай архитектуралық стилдегі жеке үйлер құрылысының пилоттық жобасын жүзеге асыруда қарастырылып отыр. Бұл пилоттық жоба жергілікті атқарушы органдардың несиелік баспана бағдарламасы бойынша іске аспақ. Үш бірдей облыс орталығында аумағы 40,2 мың шаршы метр болатын 366 үйдің құрылыс басталып кетті. Нақтырақ атап айтатын болсақ, Ақтөбе облысында 194 үй (24,2 мың шаршы метр), Қостанай облысында 100 үй (11 мың шаршы метр) және Солтүстік Қазақстан облысында 72 үй (5 мың шаршы метр). Сондай-ақ, министрлік осындай үй құрылыстары үшін 6 типтік жобаны құрастырып, оны қазір өңірлерге қабылдау үшін жіберіп қойған. Жеке үй салушыларды ынталандыру мақсатында 3 жылдан бері жыл сайын субсидия есебінен 11 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Республика қазынасынан бөлінген сол 11 миллиард теңгенің 5,3 миллиарды жоспар бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ операторын қаржыландыруға жұмсалмақ.

Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қостанай облыстарында 17 жобаны 53,6 миллиард теңгемен несиелендіру қолдауы көрсетілмек. Көрсетілген қарыз ақшалар есебінен жекелеген үй салушылар 282 мың шаршы метр баспана құрылысын салады деп бағамдалуда. Ал 10 жыл бойы жыл сайын ипотекалық қарыздарды субсидияландыру үшін 10 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Бұл қаражаттың 4,3 миллиарды «ҚИК» АҚ операторларын қаржыландыру үшін жұмсалады.

Шілде айынан бастап қажетті заңға сәйкес актілер қабылданған соң және екінші деңгейлі банктер мен «ҚИК» АҚ арасында автоматтандырылған мәліметтер алмасу реттілігі келісілгеннен соң 6 бірдей өңірде (Астана, Алматы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола) халықты несиелендіру басталады. Бұл ретте айта кетейік, «ҚИК» АҚ ипотекалық қарыз бойынша 128,9 миллион теңге субсидия алуға қатысты азаматтардың 21 өтінішін қанағаттандырған болатын. 2017 жылға жоспарланған ипотекалық портфел көлемі 30 миллиард теңге болады деп болжанған. Бұл өз кезегінде 2000 қарыз өтінішін қамтамасыз етуге жеткілікті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер