BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған арзан баспаналар өтпей тұр

Фото: автор

Қостанайдың Заречный ауылында жаңадан бой көтерген «Солтүстік» шағын ауданындағы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан баспаналарға тұрғындар тарапынан сұраныстың болмауы жергілікті билікті қатты алаңдатуда. Аталмыш ауылда жеке баспана салу үшін мемлекеттен тегін жер алу үшін кезекте 3 мыңнан астам адам тұрса да бұл бағдарламаға қатысуға тілек білдіргендері саусақпен санарлық. Сондықтан, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан екі мердігер де уақытша жаңа үйлердің іргетасын қалауды тоқтата тұруға шешім қабылдапты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Біз бұл жобаны іске асыруға өзіміздің қаржымызды жұмсап отырмыз. Сондықтан, баспана алуға тілек білдіргендер қаржыландыру мәселесін шешкенде ғана іске кірісетін боламыз. Ал, бұған дейінгі салынған үйлерге сұраныс болмағандықтан біз жаңа үйдің іргетасын қалауды тоқтаттық», – дейді мердігер «Ирина и К» ЖШС директоры Александр Корчинский.

Жергілікті билік жоғарыда аталған шағын ауданда барлық инфрақұрылымды тартып, үйді заман талабына сай салып берудің жолын тапқанымен іс алға басар емес. Бұл жердегі бар мәселеге мемлекеттік бағдарламаға селқостық танытып отырған тұрғындардың өздері кінәлі екен.

«Солтүстік» шағын ауданында жеке баспаналарды салып жатқан құрылыс фермалары биыл ғана іске қосылған «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейін Заречный ауылында тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға кезекте тұрғандардың барлығына жерімен қосып дайын үй салып беретіндігі жөнінде бірнеше жиын өтті. Жұртшылық барлығынан хабардар болды. Өкініштісі сол олардың тарапынан осы уақытқа дейін ешқандай қызығушылық болған жоқ. Бұл үйлерді қаражаты барлар сол жерде сатып алуына болатын еді, қалтасы көтермейтіндер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы несие ала алады.

«Заң бойынша бұл баспаналардың әрбір шаршы метрі 120 мың теңгеден аспауы керек. Ал, баспаналарды салып жатқан екі фирма да 115 мың теңгені белгілеп отыр. Мұнда салынып жатқан үйлердің аумағы 90-нан 110 шаршы метр аралығында. 90 шаршы метр болатын үйдің жалпы құны – 10 млн 350 мың теңге. Сатып алушы жалпы құнының 30 пайызын алын ала төлеуі керек. Ол шамамен 3,1 млн теңгені құрайды. Одан кейін банкке ай сайын 70 мың теңге төлеп тұруы керек», – дейді «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қостанай облыстық бөлімінің директоры Ботагөз Қамарова.

Биыл 100 үй салуды көздеген жергілікті әкімдіктің жоспары тоқыраудың аз-ақ алдында тұр. Мысалы, соңғы дерек бойынша баспана алуға төлем қабілеттерінің барын растап шыққан 28 отбасы ғана болып отыр. Оның жетеуі жаңа салынған тұрғын үйді дайын ақшасына алуға ниетті. 2020 жылға дейін осында 279 баспана салу керектігін ескерсек, көкейге күмән оралады.

«Біз тығырықтан шығудың жолын табамыз. Сондықтан, бұл мемлекеттік бағдарлама орындалмай қалады деп байбалам салудың қажетті жоқ», – дейді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Мейрам Соқытбаев.

Фото: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер