BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Нұрлы жер»: Бағдарламаның негізгі бес бағыты қандай?

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен 2016 жылдың соңында Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған, деп хабарлайды Baq.kz.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасы туралы Рrimeminister.kz сайтына ҚР ҰЭМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтып берді.

15 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Бағдарламаның негізгі мақсаты халыққа тұрғын үйдің қолжетімділігін одан әрі арттыруды қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін кешенді шешу болып табылады.

Негізгі бес бағыт

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ипотекалық несиелеуді қолдауға бағытталған. Халыққа ЕДБ ипотекалық қарыздары әлдеқайда қолжетімді болмақ. Ипотекалық несиелеу нарығын жандандыру мақсатында азаматтарға екінші деңгейлі банктердің алғашқы тұрғын үйді сатып алуға берілетін ипотеканың пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекеттің субсидиялауы арқылы халықтың сұранысын ынталандыру қарастырылған», – деп атап өтті М. Жайымбетов.

Банктердің ең көбі жылдық 17% сыйақы мөлшерлемелерін 7 жыл бойы субсидиялау күтілуде. Субсидия осы кезеңде беріледі. Ипотеканың соңғы қарызгеріне ипотеканы 10% дейін төмендету үшін мемлекет сыйақы құнының 7% дейін жабуды қамтамасыз етеді.

«Біз биыл аталған бағдарламаның көмегімен тұрғын үй алуға шамамен 8000 ипотекалық қарыз бөлінеді деп жоспарлаудамыз», - деді сарапшы.

Бағдарлама сондай-ақ жеке үй салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыруға бағдарланған. Ол үшін қолжетімді кредиттік ресурстар енгізу болжанып отыр – мемлекет екінші деңгейлі банктердің жаңа тұрғын үй салуға беретін несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялайды. 2017 жылға арналған республикалық бюджетте 11 млрд теңге қарастырылған, олар 157 млрд теңге сомаға үй салушылардың банктік несиелерін субсидиялауға мүмкіндік береді. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, бұл қосымша шамамен 600 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Олардың жартысы Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі салымшыларына ұсынылады.

Бағдарламада Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі салымшылары мен әкімдіктерде кезекте тұрғандар үшін «жаңартпалы» қағида бойынша несиелік тұрғын үй құрылысы көлемін арттыру көзделген.

Бұдан өзге, мемлекеттік бағдарлама аясында халықтың әлдеқайда әлеуметтік әлсіз топтарына арналған сатып алусыз жалдамалы тұрғын үйдің өңірлік қоры құрылады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы әр қазақстандыққа 10 сотық жер бөлу туралы мәселені шешеді.

«ҚР-ның әр азаматының жер заңнамасымен регламенттелген жеке тұрғын үй құрылысына әкімдікпен инженерлік инфрақұрылым тартылған 10 сотық жерді тегін алуға құқығы бар. 10 сотық жер алу үшін әкімдікке өтініш беру керек, яғни жер теліміне ЖАО кезекте тұру қажет», – деді М. Жайымбетов.

Сонымен қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірыңғай сәулет стилінде бірыңғай құрылыс салушымен ЖТҚ құрылысының пилоттық жобасын іске асыру қарастырылған.

Тұрғызылған дербес үйлер мемлекеттік қолдаумен ТҚЖБ жүйесі арқылы жер телімдеріне ЖАО кезекте тұрғандарға төлеп алуға ұсынылатын болады, яғни ЖТҚ сатып алуға несиелерді субсидиялау арқылы жүргізіледі. Мөлшерлеме 5% деңгейінде болады деп болжанған.

Аталған шара жеке тұрғын-үй құрылысына едәуір әсер етеді.

Бағдарлама перспективалары

«Биыл 100 мыңға дейінгі тұрғын-үйді пайдалануға өткізу жоспарланған. Бұл 10 млн-нан астам шаршы метр. Құрылыс салушыларға қарыз субсидияланатын болады. 600 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй», - деді Комитет төрағасы.

Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2031 жылға дейін 1,5 млн адам жеке баспанаға ие болады. Олардың 500 мыңнан астамы таяу бес жылдың ішінде (2017-2021 жж.) алады деп жоспарланған. Аталған бағдарлама аясында ЖТҚ-на 10 сотық бойынша 664 000 жер телімі беріледі, қазақстандықтар Қазақстандық ипотекалық компания мен Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы 35 000 арендалы баспана, 280 000 несиелік үй алады, 521 000 коммерциялық тұрғын үй ипотека бойынша беріледі.

2017 жыл мен 2021 жыл аралығында Бағдарламаны іске асыру бойынша 1,548 трлн теңге, соның ішінде квазимемлекеттік сектордың – 802,8 млрд теңге қаражатын бағыттау жоспарланған.

Ең бастысы, бағдарламаны іске асыру тұрғын үй қорын 18%-ға, халықтың қамтылуын 2015 жылмен салыстырғанда екі пунктке арттыруға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Комитет төрағасы бүгінде барлық әкімдер республикалық бюджеттен сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мен инженерлік инфрақұрылым жүргізуге өтінімдерін ұсынды. Сонымен қатар, бірыңғай сәулет стилінде дербес тұрғын үйдің пилоттық жобасының құрылысына жер телімін дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, Қазақстанда тұрғын үй құрылысының тағы да бірнеше бағыты бар. «Нұрлы жол» және ӨДБ аясында ЖАО баспаналары мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің құрылысы аяқталу кезеңінде. Жеке құрылыс салушылар тұрғынүйжинақ жүйесі арқылы бір уақытта үйлер тұрғызуда. Кепілдендіру қоры арқылы үлескерлік салымды сақтау тетігі әзірленуде. Астанада авариялық тұрғын үйді бұзудың пилоттық жобасы іске асырылуда.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында экономиканың толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту міндетін жүктеген. Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бағдарламасына ерекше назар аударуды тапсырды.

Үкіметтің 2017 жылға басым міндеттерінің бірі инфақұрылым мен тұрғын үй нысандарын тұрғызу арқылы баспананың қолжетімділігін арттыру болып табылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер