BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Пәтер алғысы келетіндерге жақсы жаңалық

Фото: Шыңғыс Қаппаров

Бүгін «Нұрлы жерге» жауапты мекемелердің өкілдері аталған бағдарламаны іске асырудағы негізгі мәселелер туралы айтты. «Нұрлы жер» бойынша дәл қазір білуге лайық не бар? Baq.kz ақпарат агенттігі тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту ісіндегі негізгі мәліметтерге тоқталады.

«Нұрлы жер» арқылы жыл соңына дейін қанша пәтер салынады?

Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр айтқандай, 2017 жылдың 7 айының қорытындысына сәйкес елімізде

  • тұрғын үй құрылысына 445 млрд теңге бөлінді
  • жалпы ауданы 6,2 млн шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді оның 75,5 млрд теңгесі мемлекеттік инвестициялар
  • нәтижеде мемлекет қаржысы есебінен 8 829 пәтер салынды

Ал жылдың аяғына дейін 25 005 пәтер салынады.

7 ай қорытындысы бойынша жалпы ауданы 6,2 млн шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді дедік. Бұл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жоспарының 61%-ы. 2016 жылдың осы уақытымен салыстырғанда жоспар 8,2%-ға артық орындалған.

Қай өңірлер алда келеді? Тұрғын үйлерді салу бойынша Астана, Алматы, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары жоғары көрсеткіштерге ие. Маңғыстау, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жеке тұрғын үйлердің үлесі басым.

«Жақсы жаңалығым бар!»

Биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі кепілсіз кредит бере бастайды. Мұны расында бүгінгі жиынның басты жаңалығы деуге болады.

Қыркүйек айынан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арнайы жобаны жүзеге асыра бастамақ. Енді пәтерді кепілсіз кредит арқылы алуымызға болады.

«Жақсы жаңалығым бар. Қазақстанда Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры азаматтарға үлескерлік құрылысқа қатысуға мүмкіндік береді. «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы құрылысты аяқтауға кепілдік беру үшін құрылды. Осыған орай біз алғашқы жобаны қолға алдық. Қыркүйек айынан бастап «Миллениум Парк» тұрғын үйіне құжаттарды қабылдай бастаймыз. Мұндағы пәтердің бір шаршы метрі 290 мың теңгеден басталады. Біз осы үйді өз салымшыларымызға береміз» деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Кепілдікті үлескерлік құрылысына қатысу шарты береді. Себебі, жоғары аталған нысан «Базис А» компаниясына тиесілі. Ол Тұрғын үй құрылысы кепілдік беру қорынан кепілдік алған. Бұл - «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының бір компентенті.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы барлық тілек білдірушілерді бағдарламаға қатысуға шақырды.

Астанада пәтер арзандап жатыр

Мұны да қарапайым халық үшін жағымды жаңалық деуге болады. Елордада пайдалануда болған тұрғын үйлер рыногында тоқырау бар. Бұған не себеп?

2016 жылдың өзінде 89 мың пәтер қолданысқа беріліпті. Ұсыныстың көптігі ескі үйлердің бағасы төмендеуіне әсер етіп жатыр.

Осы жылдың 4 айында тағы 37 мың пәтер пайдалануға берілді. Негізгі инвестициялық қызығушылық Астанада. Жаңа көптеп үйлер салынып жатыр. Ол қолданыста болған үйлер бағасына әсер етіп, бағаны төмендетуде, дейді

Ләззат Ибрагимова. Алайда, ол қыркүйек айында пәтер бағасы құлдырайды деген болжам негізсіз деп ойлайтынын айтты.

«Пәтерлерге сұраныс бар. Өткен аптада ТЖҚБ-ның Астанадағы филалиында бір күнде 50 қарыз берілді. Сондықтан республика бойынша сұраныс бар. Менің ойымша, пәтерлердің бағасы жоғарыда айтылғандай төмендемейді. Тек баға тұрақталады. Бізді бағалардың тұрақтағаны қуантады. Себебі, баға теңгемен белгіленеді. Біздің жинаған ақшамыз да теңгемен сақталады. Негізгі мақсатымыз болған дедолларизацияға қол жеткізіп отырмыз. Бізде өткен жылдардағыдай ешкім пәтерінің бағасын доллармен көрсетпейді» деді ол.

Астанада пәтер алу үшін айына қанша теңгеден жинау керек?

Айына 40 мың теңге жинап, пәтер алуға мүмкіндігіміз бар. Мәселе нені таңдайтынымызда. Пәтер ме, әлде ойын-сауық па? «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәселені осылай қояды.

Журналист одан «Қарапайым тұрғын Астанада пәтер алу үшін қанша табыс табуы қажет?» деп сұраған болатын.

Ибрагимованың айтуынша, Астанадан пәтер алу үшін табыс көлемі айына 150 мың теңге болса жеткілікті. Тек оның 40 мыңын депозитке салып отыруы керек. Бір депозитке ай сайын ең жоғары сома 40 мың теңге салса, ол 12 айда 480 мың теңге жинайды. Мемлекет қосымша 96 мың теңге алады. Банк тағы 2% береді. Жалпы ол барлығын қосқанда бір жылда 600 мыңға жуық теңге жинайды. Ол 3 үш жылда 1 млн 800 теңге болады.

«Әрине барлығын үнемдеуге тура келеді. Ол мейрамханаға, кафеге және көңіл көтеруді ұмытады. Пәтер немесе көңіл көтеру, осы екеуінің біреуін таңдау керек» деп кеңес береді банк басшысы.

Ибрагимова сөз арасында өңірлерде үй алу жеңілдеу екендігін айтты.

«Астана мен Алматы қалаларынан үй алуға конкурс жоғары. Ал өңірлерде: Тараз, Қызылорда, Орал қалаларында әкімдіктер ұсынған көп тұрғын үй бар. Ол жаққа дайын бастапқы жарнамен келе аласыздар»деді Ләззат Ибрагимова.

Тағы нені айтуға болады?

  • Биыл 60 мың жер учаскесін беру жоспарланса, қазіргі таңда оның 23 мыңы азаматтарға берілген
  • Астана маңындағы Ильинка кентіне инфрақұрылым тартылып жатыр
  • Ол жерге биыл 8 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін жұмыстар аяқталады.
  • Астана, Алматы қалаларында жеке меншікке жер қарастырылмаған. Ал облыс орталықтары мен барлық елді мекенде жер телімдері бар. Яғни 10 сотықтан берілуде.
  • Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында қарқынды түрде жекеменшікке он сотық жерлерге инфрақұрылым тартылуда

«Жыл сайын осы бағытқа 80 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. 15 жылдың ішінде 1 трлн 200 млрд қаржы игерілмек. Жалпы 15 жылда 600 мыңнан астам жер телімі беріледі деп жоспарлануда. Жеті айдың ішінде 23 мың жер учаскесі берілді. Жыл соңына дейін жоспар бойынша барлық 60 мың жер телімі ел тұрғындарына тапсырылады деп жоспарлануда» дейді Құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер