Қостанайлық 96 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қоныс тойын тойлауда - Нұрлы жер|14 Желтоқсан 2017, 22:47
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қостанайлық 96 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қоныс тойын тойлауда

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қостанайда бірқатар ірі жобалар іске қосылып, көптен бері кезегін күткен тұрғындар баспаналы болуда. Бүгін Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный кентіндегі «Солтүстік» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған 60 пәтерлі тұрғын үй өз иелерін тапса, облыс орталығындағы «Әуежай» шағын ауданында 36 пәтерлі көпқабатты үй тұрғындар иелігіне берілді деп хабарлайды, Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Бұл Қостанай өңірі тұрғындарының биылғы жылғы соңғы қоныс тойы емес. Себебі, жаңа жылға дейін Заречный ауылында тағы көппәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілмек. Қос бірдей шағын ауданның жаңа тұрғындары атанған жұртшылықты облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы келіп құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілттерін табыс етті.

– «Тәуелсіздік күні қарсаңында Қостанай өңірінде қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындардың қуанышын көргенде «Нұрлы жер» бағдарламасының нағыз халық үшін жасалғандығын айқын аңғаруға болады. Мұның бәрі Елбасының салиқалы саясатының арқасы деп білуге болады. Бүгін пайдалануға беріліп жатқан баспаналар орналасқан «Солтүстік» және «Әуежай» шағын аудандарында келешекте сәулеті келіскен зәулім ғимараттар бой түземек. Бүгін пәтер кілтін алып жатқан барлық тұрғындарды шын жүректен құттықтаймын», – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Бүгінгі пайдалануға берілген баспаналардың басым бөлігі халықтың әлдеқайда әлеуметтік әлсіз топтарына арналған сатып алусыз жалдамалы тұрғын үй болып отыр.

– «Бүгінгі қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындардың қуанышы еліміздің Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, жаңа 60 отбасына жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді. Бұл баспаналар «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынып отыр. Жалпы бұл шағын ауданда 11 көп қабатты үй салыну жоспарланса, оның 8-і осы жылдың аяғына дейін ел игілігіне беріледі. Келер жылы тағы 3 көп қабатты үй салынбақ. Оған келесі жылы 2 млрд 300 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Ол үйді салатын мердігер де анықталып қойды. Оның сыртында шағын ауданға жол салынып, инфрақұрылымдары жасақталып, шағын ауданда абаттандыру жұмыстары да жүргізілмек. Осылайша, келесі жылы «Солтүстік» шағын ауданы адам танымастай өзгереді деп айтуға болады», – Қостанай ауданының әкімі Қайрат Ахметов.

Заречный кентіндегі 60 пәтерлік тұрғын үйді салуға жергілікті «Статус Трейд» ЖШС мердігер ретінде таңдалып алынды. Жалпы ауданы 4084 шаршы метр болатын қос бірдей көпқабатты үйді салуға жалпы қазынадан 387 млн 91 мың теңге жұмсалған. Мердігер компания өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, баспаналарды межелеген мерзімде ел игіліне беріп отыр.

ФОТО: автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер