BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетауда «Нұрлы жер» аясында тұрғын үйлер салынады

Фото: Baq.kz архивінен

Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының аясында іске қосылған «Регион Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Көкшетаудағы Боровской, Сарыарқа мөлтек аудандарында көппәтерлі тұрғын үйлер тұрғызуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Кəсіпорын басшысының айтуынша, алдағы уақытта қалада бірнеше панельді тұрғын үйлер тұрғызу жоспарланған. Оның алғашқысы – пилоттық жоба ретінде «Юбилейный» шағын ауданында былтыр қолға алынған тұрғын үй. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» ЖШС жүргізді. 90 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй биыл пайдалануға берілді.

«Биыл алғаш рет пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Уәлиханов көшесі бойында 90 пәтерлі тұрғын үйді өзіміз өндірген материалдан тұрғыздық. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген жағдайда жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызуға мүмкіндігі бар. Келер жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 үй тұрғызу жоспарланып отыр. Аталған жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қаржыландырылды. Бұдан соң жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысатын боламыз. 2018 жылы Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі Сарыарқа мөлтек ауданында біздің технология бойынша 108 пәтерлі 4 тұрғын үй салуды жоспарлап отыр»,–дейді «Регион строй» ЖШС-нің директоры Александр Дворцевой.

Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жетекшісі Александр Загребиннің айтуынша, жоба Индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Жоба құны 1 млрд теңге.

Бүгінде комбинат қабырға панелі, төбе жабынды және қоршаулар, түрлі құрылымдарды жабуға арналған плиталар шығарады. Зауытта Ұлыбритания, Италия, Испания, Ресей, Украина елдерінің құрал-жабдықтары орнатылған.

Ашылғанына үш жыл болған кәсіпорын бүгінде толық қуатына шығып, өнім көлемін еселеуге әзір. Темірбетон бұйымдарын шығаратын комбинат еліміздің басқа өңірлерімен де жұмыс істеуде.

«Алғашқы уақытта құрылыс материалдарының 3 түрін ғана шығардық. Бүгінде шығарылатын өнім түрлерін көбейтудеміз. Комбинат толық қуаттылығына көшкеннен бастап баспалдақтар, түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен тұрғын үй құрылысына қатысты өзге де материалдар шығаруды қолға алды. Құрылыс комбинатының өнімдері облыс орталығындағы әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер құрылысына пайдаланылуда»,–дейді серіктестік директоры Александр Дворцевой.

Кәсіпорын басшысы тұрғын үй құрылысында жергілікті бетон бұйымдарын пайдалану қазіргі салынып жатқан қыш жобалардан арзанға түсетіндігін айтады. Жаңа технологиялар тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасын 120-150 мың теңгеге дейін арзандатуға мүмкіндік береді, әрі үйді екі есеге жылдам тұрғызуға болады.

Құрылыс комбинаты тұрғын үйлерді жылдам тұрғызатындығымен ерекшеленеді. Құрылысқа қолданылатын материалдар қатаң бақылаудан өтеді. Өйткені олар сапа стандарттарына сай келуі тиіс.

«Біздің панельді үйлер сапасы жағынан өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары салынған үйлермен салыстырғанда өзгеше. Өйткені панельдер іштен жылытылған. Барлық бұйымдар зауытта жасалады, құрылысқа ауа райы қолайсыздық туғызбайды. Қазіргі панельдер бұрынғы керамзиттен әлдеқайда сапалы әрі сәнді. 18 сантиметрлік жылу қорғағыш жамылғысы бар. Қазір кәсіпорын шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен қиыршық тасты пайдаланып отыр»,–дейді А.Дворцевой.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметтеріне қарағанда, 2010 жылдан бері облыста 2,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй жағдайын 19 мыңнан астам отбасы жақсартты. Биылғы жылдың 11 айы ішінде 441055 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер