BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Халықты баспанамен қамтуға Қазпошта да атсалыса бастады

Енді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары Қазпоштаның кез келген бөлімшесінде шот аша алады. Бұл туралы Астанадағы баспасөз конференциясында ТҚЖБ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

Оның айтуынша, «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде ақысыз депозитті толықтыруға және кредит төлеуге болады. Бұған дейін бұл қызметтерге төленетін соманың 1%-ы көлемінде комиссия ұсталатын. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы шығынды өз мойнына алып отыр.

Қазпошта бөлімшелері арқылы депозит ашу кезінде салымшы шотқа кем дегенде 15 мың теңге аудару керек. Бір айта кетерлігі, бұл ақша комиссия емес, клиенттің шотына түседі.

«Қазіргі таңда біздің 17 филиалымыз, 15 қызмет көрсету және 150 косультациялық орталығымыз бар. Қазпошта – еліміздегі ең көп филиалы бар мекеме, енді біз қазақстандықтардың бәріне қызмет көрсете аламыз. Бұл банк қызметін қолжетімді етіп қана қоймай, пошталық оператор бөлімшелері арқылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары жайлы барынша мол ақпарат таратуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Жанар Жұбаниязова.

Еліміздің азаматтары Қазпоштаның 800-ден астам автоматтандырылған бөлімшесінде депозит аша алады. Сондықтан бұдан былай ауыл тұрғындарына ТҚЖБ-мен келісімшарт жасау үшін қала келудің қажеті жоқ.

Қазіргі таңда банкте 950 мыңға жуық салымшының 460 млрд теңге қаржысы бар. Банк қызметкерлері жаңа қызмет «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын насихаттауда қосымша құрал болады деп есептейді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер