BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

БҚО-да "Нұрлы жердің" бәсі қызып тұр

Батыс Қазақстан облысының аудандарында биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы аумағы 17 136 шаршы метр баспана салу көзделіп отыр. Олардың қатарында Ақжайық, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау және Теректі аудандары бар, дейді BAQ.kz.

Мәселен, облыс орталығынан ең шалғай жатқан Жәнібек ауданында бағдарлама шеңберінде 104 пәтердің құрылысы басталып кетті. Соның ішінде 24 отбасыға арналған баспана шілде айында пайдалануға беріледі.

Асылхан Нұрышев – жергілікті кәсіптік техникалық колледждің түлегі. Механик мамандығын меңгерген жас туған ауылынан жұмыс табылғанына өте қуанышты. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан құрылыс нысанында еңбек етіп жүр.

Асылхан Нұрышев, құрылысшы:

–Осы газ трубаларын монтаждауға алысқа бармай, Жәнібек ауданында өз ауылымда мемлекеттік бағдарламамен үй салынып жатыр екен, соған жәрдемдесемін. Газдың тұрбаларын орналастырып, раствор езіп құйып, тұрғызамыз.

Мемлекеттік бағдарлама Асылхан секілді 100 шақты жергілікті тұрғынның өз ауылынан екі қолға бір күрек табуына жәрдемдесті. Аудан орталығы Жәнібек ауылындағы халық саны 8 мыңдай. 250 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Наурыз айында әрқайсысы 3 пәтерлік 8 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын.

Сафуан Боранбай, Мердігер кәсіпорынның учаске басшысы:

-Ішкі әрлеу, жарық, газ жүргізу, сондай жұмыстар қалып жатыр. Негізгі сыртқы құрылысы бітті. Енді соңғы үш үйдің де іргетастары құйылып, қабырғалары қаланып тұр.

Манарбек Әдиев, Жәнібек аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

-«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бұл үйдің бір пәтерінің жалпы ауданы – 53,10 шаршы метр. Бір үйдің жалпы ауданы – 160 шаршы метр. Барлығы салынатын үш пәтерлі 8 тұрғын үй инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен бірге.

Жыл соңына дейін ауданда жалпы аумағы 9 мың шаршы метр болатын 48 көппәтерлі үй салынады. Бұл үйлердің құрылысын жүргізуге жергілікті бюджеттен және Ұлттық қордан 600 миллион теңге қаржы бөлінді. Барлық тұрғын үйлер талапқа сай инфрақұрылыммен қамтылады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы өңір тұрғындарына 3 мыңнан астам жер телімін беру көзделген.

24.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер