BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Биыл тұрмысы төмен отбасыларға жалға берілетін пәтерлер саны белгілі болды

2018 жылы тұрмысы төмен отбасыларға жалға берілетін 3507 пәтер салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.

“Тұрмысы төмен азаматтар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу” бағыты бойынша жыл сайын республикалық бюджеттен 25 млрд теңге бөлінеді. Бұл сома өңірлерге тепе-тең беріледі”, - деді ол.

Оның айтуынша, осы бағыт бойынша былтыр өңірлерде сатып алусыз жалға берілетін 5391 пәтердің құрылысы басталған. Соның ішінде 2620 пәтер пайдалануға берілген.

“Осы орайда тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын Қарағанды облысы орындамады. Бұл өңірде жоспарланған 96 баспананың 4-еуі ғана пайдалануға берілген. Өңірлерге бөлінген 25 млрд теңгенің 24,8 млрд теңгесі немесе жалпы көлемінің 99,2%-ы игерілді”, - деді ведомство басшысы.

Министр биыл “Нұрлы жер” бағдарламасының тұрмысы төмен азаматтарды жалға берілетін пәтерлермен қамтамасыз ету бағыты бойынша қанша пәтер құрылысы жоспарланып отырғанын атап өтті.

“Биыл бағдарламаның осы бағыты бойынша 184,5 мың шаршы метр, яғни 3507 пәтер құрылысы жоспарланған. Алайда Маңғыстау облысы 2018 жылдың жоспарына қатысты барлық құжатты тапсырмады”, - деді Жеңіс Қасымбек бүгінгі Үкімет отырысында.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер