Биыл барлық санаттағы азаматтар үшін арзан ипотека беріледі – Жеңіс Қасымбек - Нұрлы жер|04 Сәуір 2018, 17:31
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Биыл барлық санаттағы азаматтар үшін арзан ипотека беріледі – Жеңіс Қасымбек

«7-20-25» жаңа ипотекалық механизмдерге байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 100 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізген. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 11 млн шаршы метрден асып, рекордттық көрсеткішке жетті. Яғни, 2016 жылға қарағанда 6,2%-ға жоғары.

Сондай-ақ, тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында арзан құрылыс пен ипотекалық кредит беру мәселелері бойынша жұмыс жүргізіледі. 2030 жылға қарай тұрғын үй көрсеткішін бір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарлануда.

«Коммерциялық банктер биыл құрылыс салушыларға 70 млрд теңгеге субсидияланатын несие береді. Мемлекет басшысы жариялаған «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру аясында осы айда жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының нормаларын есепке ала отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Бұл механизм арқылы әрбір жұмыс істейтін адам несиеге пәтер сатып ала алады. Қазақстандықтардың көбінің тиімді шарттар арқылы баспана сатып алуға мүмкіндігі болады. Биылғы жылдың екінші жартысында барлық санаттағы азаматтар үшін алғашқы арзан ипотека беріледі», - деді министр Жеңіс Қасымбек.

Қазіргі уақытта жаңа бағдарламаны неғұрлым тиімді іске асыру үшін талаптарын жеңілдету бойынша Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының заңнамасына бірқатар түзетулер дайындап жатыр.

«Ипотеканы субсиядиялау аясында қаржы бөлеміз. Былтыр банктерге 2,5-3 млрд қаржы бөлінді. Осы жыл да солай болады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша негізгі жұмысты Ұлттық Банк атқарады. Біз де бірге атсалысып жатырмыз. Қазір осы бағдарлама бойынша қай аймақта қанша пәтерге сұраныс бар екені жөнінде Ұлттық Банк есеп жұмысын жүргізіп жатыр. Мысалы, өздеріңіз білесіздер Атырау мен Ақтауды, Астана мен Алматы қалаларымен салыстырсақ пәтер құны басқаша. Оралда, Қостанайда немесе Петропавлда 10 млн теңгеге 2 бөлмелі пәтер алуға болады, ал бұл ақшаға Алматыдан 70-80 шаршы метрлік пәтер алуға келмейді. Сондықтан, қазір осы мәселе бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Біздің ойымызша, осы бағдарлама арқылы қазақстандықтар 4 жылдың ішінде 70 мыңнан 100 мың пәтерге дейін ипотека ала алады», - деп түйіндеді министр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер