BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Биыл әлеуметтiк осал топтар үшiн 3 мыңға жуық пәтер пайдалануға берiлмек

2017 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 2 687 пәтерді (150 мың шаршы метрдi) пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы Үкiмет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Министрдiң айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы биылғы жылы iске асырыла бастады. Ол халық үшін тұрғын үйдің қолжетiмдiлiгiн арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарлама бес бағытты іске асыруға негізделген. Олар: халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй салу; жеке тұрғын үй құрылысын дамыту; тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін кредиттік тұрғын үй салу; жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру; ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру.

«Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі - халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу. Осындай тұрғын үй салу үшін ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 25 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күні 6,1 млрд. теңге өңірлерге аударылды, қалған қаражат қаржыландыру жоспарына сәйкес аударылмақ. Бөлінген қаражатқа 5936 пәтердің (311 мың шаршы метр) құрылысы басталды, соның ішінде 2017 жылы 2 687 пәтерді (150 мың шаршы метрді) пайдалануға беру жоспарланған», - дейдi Қасымбек.

Ведомство басшысының айтуынша, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері тендерлік рәсімдерді өткізіп жатқандықтан республикалық бюджеттің қаражаты әлі аударылмаған. Бұл ретте, іс жүзінде 2178 пәтер (120,3 мың шаршы метр) пайдалануға берiледi деп отыр. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері жеке тұрғын үй құрылыс аудандары инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмегендіктен және құрылыс-монтаждау жұмыстарына конкурстық рәсімдер уақытында өткізілмеу қаупi болғандықтан объектілерді 2018 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер