BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

300 ақтөбелік «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы коттедж алуға өтініш білдірген

Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында дайын үй жобасы жүзеге асырылып жатыр. Облыс орталығындағы «Нұр Ақтөбе» ауданында екі типті коттедждердің құрылысы басталды. 2006 жылы тұрғын үй салуға жер кезегіне тұрған 11 мыңнан астам ақтөбеліктің 300-і бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ақтөбедегі «Нұр Ақтөбе» ауданында биыл күзге дейін 194 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Көлемі 120-140 шаршы метрлік екі типті коттедждер 2006 жылы жер кезегіне тұрған азаматтарға ұсынылады. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынып жатқан баспананың шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайды. Қазір Ақтөбе қаласында 118 551 азамат жер кезегінде тұр.

«Мүмкіндігіне қарай осы 194 үйдің иесін анықтау үшін өтінім берген адамдарды банкке төлем қабілеттерін анықтау үшін жолдаймыз. Егер келісім бойынша талаптарға сәйкес келіп жатса, жер учаскелерін осы үстіндегі салынған құрылысымен бірге табыстау мәселесіне қатысты құжаттар рәсімделетін болады», - дейді Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаев.

Пилоттық жоба өңірімізде алғаш рет жүзеге асырылмақшы. Дайын үйлер «Тұрғын үйқұрылыс жинақ банкі» арқылы 15 жылға несиеге беріледі. Баспана алатындар үй құнының 30 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеуі керек. Бүгінге дейін жер кезегінде тұрған азаматтардың 306-сы «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген. Оның ішінде 151,2 шаршы метрлік тұрғын үйге – 106, 140,9 шаршы метрлі баспанаға – 71, 121,9 шаршы метріне – 56 адам өтініш берген. Қазір бұл ақтөбеліктердің жазған өтініштері кезектілігіне сәйкес іріктеліп жатыр. 266 азаматқа төлем қабілеттіліктерін анықтау үшін жолдама берілген.

«Несиенің жалпы мерзімі 15 жыл. 5 жыл 5 пайызбен төленеді. Одан кейін пайызы 4,5-ға азаяды. Яғни, алғашқы 5 жылда 120 шаршы метрге ай сайын 100 мың теңге төлесе, 5 жылдан кейін оның төлемі 30 пайызға дейін азаяды. Сонда қалған 10 жылға 70 мың теңгеден төлейді», - деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ директоры Бауыржан Жуасбаев.

Тұрғын үйлерге пайдаланылатын материалдардың 80 пайызы жергілікті өнімдер. Қалған 20 пайызы өзге өңірлер мен шетелдерден жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, барлық жағдай жасалған баспаналар құр жер алғаннан тиімдірек. Қазір «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын құрылыстарға инженерлік желілер жүргізу басталды. Ал, 2006 жылы кезекте тұрғандарға жер учаскесі қала маңындағы Жаңақоныс, Бауырластар ауылдары мен 41 разъезден беріледі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер