«Сендер ертең өлетіндеріңді де ұмытып кеттіңдер». Моңғолиялық қазақ ақынның Ашық хаты - Моңғолия қазақтары|23 Желтоқсан 2017, 19:29
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

«Сендер ертең өлетіндеріңді де ұмытып кеттіңдер». Моңғолиялық қазақ ақынның Ашық хаты

Моңғолияда тұратын танымал ақын, жазушы Байыт Қабанұлы бұл хатын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Қазіргі шеттегі қазақтың саяси өкілдеріне арналған Ашық хатта халықтың тұрмысы, өздері сенім артқан саяси тұлғалардың жігерсіздігі ашып айтылып, хат жазудағы басты себеп түсіндірілген. Baq.kz ақпарат агенттігі ақынның ашық хатын қаз-қалпында беруді жөн санады.

АШЫҚ ХАТ

Бұл хатымды мен - Монғолиядағы аз ғана қазақ халқының арасынан туып шығып бүгін Моңғолия саясатына араласып жүрген үлкен-кіші, кәрі жас басшы, қосшы, атшы, хатшы... мәнсап иелері және Баян-Өлгий аймағының әкімдері, әкім болмаққа жанталасып түнде ұйқысын, күндіз күлкісін ұмытып өліп-тіріліп жүрген саясаткерсымақтар сіздерге арнап отырмын.

Себебі не дейсіздер ғой, иә себебін айту керек әрине.

Қарапайым халық, аз ғана қазақ біз сендердің әрбір іс шаруаларыңыздан табыс тілеп, елге жасайтын игі істеріңізді күтіп, ұлтқа көрсетер ұлылықтарыңызды дәметіп әбден шаршадық. Шаршадық дегенде мен нендей бір экономика, тұрмыс-тіршілік айтайын деп отырғам жоқ. Халық сендерсіз де тіршілік етіп тірілігін жасайды. Бұл жердегі айтпағымыз мүлде басқа мәселе. Аз қазақтың атақ абыройы, бет беделі...

Саясат аясында сендердің істеп жүрген істерің, қылған қылықтарың егер су болса арнасынан асып алқап жазықты алып, егер қыз болса неше байдан айрылып араққа түсіп астын сатып жезөкше болып қаңғып кетті, ағайындар.

Ойындарың осылғыр ойсыз «бауыларым» сендердің «ойындарың» шектен шығып ойлы халықты мезі етіп бітті. Сендер бітеліп бітпейтін түпсіз апан-өңештерің үшін онсызда тозып жүрген мына қазақты қолжаулыққа айналдырып, иесіз малдай тоз-тоз қылып жібердіңдер.

Мәнсаптың алды-артында жүрген ындыны кеткен топ; елді, ұлтты ұмыт қалдырып, сүйекке таласқан иттей ырылдасып екі күннің бірінде мәнсап үшін жаға жыртысып, біріңнің үстіңнен бірің домалақ арыз жазып, біріңнің артыңа бірің ши жүгіртіп... масқара үстіне масқара жамаудасыңдар. Онымен қоймай, сол қылықтарыңды жасырудың орнына жарнама жасап (бекерде екі ауыз сөздің басын дұрыс қосып сөйлей алмайтын бастарың) монғолша, орысша, ағылшынша, қытайшаға аударып әлеуметтік желілерге таратып әумәсірдің ісін істеп кеттіңдер.

Адам адамға тән қылық, қасиеттерден айрылып тек өз құлқынын ғана ойлай бастаған сол уақыттан бастап адам сиқын жойып ақымақ аңға айналып кете беретінін ескерсек сендер аңнан да төменге құлдырап, жетер жердеріңе жеттіңдер. Сендер бойларыңнан «Адамшылық, ұят, азаматтық, ізет, сыйластық, мейрімділік, тойымдылық, қанағаттылық...» деген қасиеттерді мүттемге жойып жібердіңдер. Кешегі қиын қыстау замандарда елді ел қалпымен, қазақты қазақ қалпымен алып қалған дана бабалардың аруағына түкіріп, келер ұлы ұрпаққа күйелеріңді жағып жатырсыңдар. Оны қойып, Алланы да ұмытып, асқазандарыңның құлақ кесті құлы болып кеттіңдер.

Егер біле білсеңдер құдайға шүкір мұндағы елдің, соның ішінде сендердің қарындарың ашатындай болған жоқ. Тек араны ашылған ашкөздік бірлеріңе бірлеріңді жау ғып айдап салып, айтақтап жан жақтарыңа көздеріңді ашып қарауға мұрсат бермей отыр. Сендер ертең өлетіндеріңді де ұмытып кеттіңдер.

Қаумалап қарап отырған мына халық мал емес. Елдің киесі бар. Халықтың қаһарына ұрынғандар қайтадан жақсылық көрмейді.

Сендер Құдай емессіңдер. Бүгін біруіңді біреуің жеңіп мәнсапқа жетулеріңе әбден болады. Бірақ ұлы уақытты жеңбейсіңдер. Елді халықты ұмытып тартысып, таласып жүріп жеткен мәнсаптарыңды, сол мәнсәп арқылы тапқан арам ақшаларыңды қалталап көрге бірге түспейсіңдер. Ертең өлсеңдер де сендерді партия емес, мына халық көметінін неге ойламайсыңдар.

«НЕ ЕКСЕҢ СОНЫ ОРАСЫҢ» - дейді ежелгі қазақ. Ұға білген адамға бұл адам шошырлық үлкен сөз. Кімде кім болмасын сенің елді ойламаған ит қылығың жеті ұрпағыңа көлеңкесін түсіруі әбден мүкін. Қолыңнан іс келе ме еліңе жақсылық жаса, әйтпесе зияныңды тигізбей жайыңа жүр.

Көсемдердің туын ұстаған мешелдер неге көбейді бүгін? Ауыздарынан ана сүтінің дәмі де арылмаған жас балалар ананың сүтімен емес, саясаттың қанымен ауызданғандай арамдыққа тамсанып бесіктен белі шықпай жатып неге мәнсапқа қарай еңбектейді? Бұрын адамдар білетінімен, ақылымен елге танылушы еді, бүгінгілер неге білімсіздігімен, ақымақтығымен мақтанатын болды? Өзіңді де, өзгені де жеп бітетін қырылыс, қырқыс, ұрыс, жанжал, өсек-аяңға жұмсайтын уақыттарың недеген мол еді, бауырлар?

Өмір қысқа. Қарапайым халық ұрпағымның қазақы қалпын бұзбай сақтап қалу үшін қандай тәрбие беремін деп жан таласуда. Соған бір тинамдай болса да пайдасы тисе екен деген ұлдар, сендердің қайғыларың мәнсап, ақша...

Мына азғана қазақ сендердің осы жетесіздіктеріңді көріп ұялғаннан жерге кіруге тесік таппай, тас жігері құм болып отыр. Қайтеді енді, өз қолын өзі кесе ме. Соны ойлаған кімің бар.

Иә, білемін, демократиялық Монғолия елінде кімде болса өз ұстанымын, ой-пікірін ашық жеткізуге, сайлауға, сайлануға құқылы. Бірақ азғана қазақтың ат абыройын төгуге, мүддесін аяқ асты етуге ешкімнің қақасы жоқ. Әсіресе өз ұл-қыздарымыздың қақысы тіпті жоқ.

Егер сіздер ойланатын болсаңыздар, бастарыңызда жақсылыққа бастайтын ақылдың тинамдай жұғыны қалған болса естеріңізді жиып, етектеріңізді жауып, елді ойлайтын уақыт сірә жетті.

Азғана елдің міні айрықша көрінеді. Егер ақыл, айла, күш қуаттарыңыз тасып бара жатса, ол қайраттарыңызды бір бірлеріңізге жаулық етіп емес, елдің береке бірлігіне, ертеңіне қажет келелі істерге жұмсаңыздар.

«Бетеге кетіп бел қалар,
Бектер кетіп ел қалар» - деген. Берекесі кеткен бектер, сендер елге тұтқа емессіңдер. Ертең сендер кетесіңдер, ел қалады. Андағы елдің береке-бірлік, бет-беделін жоймай аттарыңның басын тартыңдар, ағайындар.

Сіздерді құрметтеген:
БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ.
(Ақын, жазушы)
2017.12.23


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер