Моңғолияда бүгінге дейін қанша қазақ министр болды? - Моңғолия қазақтары|19 Қазан 2017, 12:46
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Моңғолияда бүгінге дейін қанша қазақ министр болды?

Күні кеше Моңғолияның жаңадан жасақталған Үкіметінің министрлер кабинетіне ұсынылған сол елдегі қандасымыз Бәделхан Қабдісіләмұлы Құрылыс, қала құрылымы министрі болып сайланды. Осы орайда Моңғолия Республикасында қазірге дейін министрлік қызметті атқарған қазақтарды тізбелеп көрейік.

Моңғолия Парламентінің 2017 жылғы 18 қазандағы кезекті отырысында депутаттардың 87,5 пайыз дауысына ие болған Моңғолия Парламентінің депутаты Бәделхан Қабдісіләмұлы Құрылыс, қала құрылымы министрі лауазымына тағайындады.

Бәделхан Қабдісіләмұлы өзінің еңбек жолын 1976 жылы Ұланбатыр қаласындағы Автобус базасында инженер болып бастаған. 1978-1988 жылдары Баян-Өлгей аймағының Авто басқару органында бас инженер, басшы болып жұмыс атқарады. 1991-2000 жылдары «Өркен», «Жол» компанияларында директор қызметін атқарып, 2000-2005 жылы Баян-Өлгей аймағының әкіміне тағайындалған. 2008-2016 жылдары өткен Моңғолия Парламентінің сайлауына Баян-Өлгей аймағының атынан депутаттыққа сайланған. 2015-2016 жылдары Сайханбилэгтің Үкіметінде Өнеркәсіп вице-министрі қызметін атқарған болатын.

Тілейхан Орынұлы. Моңғолия қазақтары арасынан тұңғыш рет 1962-1965 жылы, 1968-1982 жылдары Моңғол Халық Республикасының Құрылыс министрі қызметін атқарған. Kaznews.mn сайтының хабарлауынша, құрылыс саласына сіңірген еңбегі үшін Ұланбатыр қаласындағы Құрылыс политехникалық коллежі бүгінгі таңда қандасымыздың атымен аталады.

Мәулет Ұтқанұлы. Қандасымыз 1980-1987 жылдары Геология, тау-кен министрі, 1987-1991 жылдары Табиғат қорғау министрі болған. Налайхан шахтасының дамуына зор үлес қосқан Мәулет Ұтқанұлы онда жаңа техника мен технологиялық жаңартуды енгізгені үшін «Мемлекеттік сыйлық иегері» атанған.

Зардыхан Қинаятұлы. Моңғолияның тоталитарлық жүйеден нарықтық жүйеге ауысу кезеңінде, яғни 1991-1992 жылдары Моңғолияның Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін Зардыхан Қинаятұлы атқарған.

Сандалхан Раздықұлы. 1992-1996 жылдары Моңғолияның Көлік-коммуникация және инфрақұрылым министрі болған. Сандалхан Раздықұлы Моңғолия Парламентіне Баян-Өлгейден екі мәрте сайланған.

Моңғол елінде вице-министрлік қызметті атқарған қандастарымыз:

  • Тегісшіл Адрисаұлы – Геология, тау кен өнеркәсіп вице-министрі,
  • Зұха Жапарұлы – Құрылыс вице-министрі,
  • Төлеубай Нығарбайұлы – Құрылыс вице-министрі,
  • Ахмет Жұпбайұлы – Мәдениет вице-министрі,
  • Құсайын Қалқымаұлы – Жеңіл және азық түлік өнеркәсіп вице-министрі,
  • Болат Ажханұлы – Табиғат қорғау вице-министрі,
  • Күләнда Шонайқызы – Білім және ғылым вице-министрі,
  • Сәуле Жәнімханқызы – Азық түлік, ауыл шаруашылық және жеңіл өнеркәсіп вице-министрі,
  • Ержан Қабышайұлы – Жол транспорт вице-министрі,
  • Бәделхан Қабдісіләмұлы – Өнеркәсіп вице-министрі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер