Франция қазақтары Моңғолиядағы қандастарына көмектесті - Моңғолия қазақтары|30 Қаңтар 2018, 14:57
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Франция қазақтары Моңғолиядағы қандастарына көмектесті

Фото: centralasian.org

Қақаған аязда қиналған Баян-Өлгийдегі қазақ отбасыларына Франция қазақтары көмір түсіріп беріп, киім-кешек таратты. Көмек алған отбасылар әлеуметтік желіде алғыс айтты, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі centralasian.org басылымына сілтеме жасап.

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында шамамен 100 мыңға жуық қазақ отбасы тұрады. Қаңтар айының ортасында қыстың қатты болып жатқанын естіген Франциядағы қазақ қоғамы (AKFT) моңғолиялық қазақ отбасыларына көмір мен өзге де қажетті заттар алуы үшін ақша жинап берді.

«Шамамен 40 тоннадай көмір алдық. Одан бөлек отын, киім-кешек, оқушы балаларға дәптер, қалам, қағаз-қарындаш алдырдық. Көмірі жоқ отбасыларға машинамен түсіріп бердік. Көмір алмағандар отын, киім-кешек сияқты заттар алды. Мұнда кедей отбасылар көп», - дейді Баян-Өлгий тұрғыны Дәкей Бықиұлы.

Оның айтуынша, биыл қыс қатты болғандықтан аймақтағы көп отбасы көмір түсіретін ақшалары болмай, қиналып қалған. Франция қазақтары жіберген көмек қыстың көзі қырауда сәл де болса демеу болған.

Франциядағы қазақтар қоғамының дерегінше, қазір Францияда 250-дей қазақ отбасы тұрады. Олардың 175-і – қазақтар қоғамға мүше. Парижден алыстау жерлерде тұратындары қоғамға әлі тіркелмеген.

Биыл Моңғолиямен қатар Қазақстанда да қаңтар айында күн қатты суып, аяз кезінде бірнеше қалада мектептер жабылып, көмір мен газ тапшылығы байқалған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер