BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстанда тұңғыш рет музей қызметкерлері туралы энциклопедия шығады

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында «Музей ісінің үздіктері» жобасы туралы өткен баспасөз мәслихатында Тәуелсіздік алғаннан бері тұңғыш рет музей ісі саласының мамандарына арналған танымдық энциклопедия екі тілде жарық көретіні мәлім болды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

ҚР Ұлттық музейі 2014 жылы 2 шілдеде ашылған кезден бастап ірі жобалардың авторы болып отыр. Соның бірі елімізде «Музей ісінің үздіктері» атты жоба жұмысын бастамақ.

«Осыған дейін 238 музейдің мекенжайы жазылған анықтамалық шықты. 238 музейдің 6-ы республикалық, 9-ы қорық, 214-і облыстық, 8-і ведомстволық бағытта жұмыс істеп жатыр. Тәуелсіздік жылдары көбінесе Алаш арыстарына, қуғын-сүргін құрбандарына арналған 75 музей құрылды. Ал шыққалы отырған энциклопедия жас ұрпаққа өнеге болмақ. «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің» негізін мектеп мұғалімі Асантай Әлімов, Этнографиялық ландшафт музейін Бутаково селосының мұғалімі Николай Зайецев негізін қаласа, небір қолжазбалар, сирек кітаптар сақталған Руханият әл-Фараби музейін қарапайым музей қызметкері Абдулла Жұмашев ашып отыр. Осы энциклопедияда «Құрмет» деген тарауды жасап, сол тарауға музейді ашып, оны дамытуға еңбегі сіңген, жас музейшілерді тәрбиелеуге еңбек еткен адамдар туралы жазсақ жастарға нағыз өнеге болмақ», - деді ҚР Ұлттық музейінің қорларды жинақтау, есепке алу және сақтау қызметінің жетекшісі, бас қор сақтаушысы Рыскүл Бекталиева.

Танымдық энциклопедияға музей саласына сүбелі үлес қосқан, еңбек өтілі 10 жылдан жоғары үлкен жетістіктерге қол жеткізген қызметкерлер туралы мәліметтер енгізіледі. 2018 жылдың қыркүйек айында Ұлттық музейдің үлкен мәжіліс залында энциклопедияның тұсаукесер рәсімі мен туындыға енген барлық музей қызметкерлерін арнайы салтанатты түрде марапаттау рәсімін өткізу жоспарланып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер