BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Париж ұлттық операсының балеті гастрольмен Астанаға келеді

Елордада тұңғыш рет шілденің 27-30 аралығында «Астана Операның» үлкен залы сахнасында атақты Париж ұлттық опера театрының балет труппасы гастрольдік сапар аясында өнер көрсетеді. Еуропалық балеттің жарқын жұлдыздары қазақстандық көрерменге Gala de Paris атты орасан зор бағдарлама ұсынбақшы, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Астана Операның» баспасөз қызметінен хабарлағандай, театрдың симфониялық оркестріне маэстро Владимир Ланде (Ресей – АҚШ) жетекшілік етеді.

Париж ұлттық операсы балет труппасының бірегей концерттік бағдарламасы Мариус Петипа бойынша В.Шайенің қойылымындағы (музыка авторы А.Глазунов) қанық әрі әсерлі «Раймонда» балетінің үзіндісімен ашылады. Ортағасырдағы рыцарлық аңызға негізделген балет сұлу Раймонда, оның күйеу жігіті – рыцарь-кірескер Жан де Бриен мен сарацин Абдерахман жайлы баяндайды.

Кешті Т.Готьенің аттас өлеңінің желісімен К.М. фон Вебердің музыкасына қойылған М.Фокинның «Раушан гүлінің елесі» балетінен роматикалық па-де-де жалғастырмақ. Би қозғалысы шырмалып өсіп, гүлдеген раушанның икеміне негізделген.

Сонымен қатар өнерсүйер қауым назарына 1949 жылы Париж операсында Д.Обердің музыкасына В.Гзовскиймен қойылған Гран-па классик ұсынылады. Балет өнерінің ең сүйікті жауһарларының бірі көрерменді өзінің реттілігімен, дене тұрысының толықтығымен, шыңдалған техникасымен, әртістік шеберлігімен, сондай-ақ нағыз француздық үлгідегі жеңілдігімен, тапқырлығымен тәнті етеді.

«Манфред» хореографиясын Париж балет труппасына арнап П.Чайковскийдің музыкасына Р.Нуреев жасады. Сюжетке лорд Дж.Г.Байронның драмалық поэмасы негіз болды. Осы балетке арқау болған оқиғалар Байронның өз өмірінен алынған.

Р.Дригоның өңдеуіндегі А.Аданның музыкасына М.Петипа бойынша С.Бертоның қойылымындағы атақты «Корсар» классикалық балетіндегі таңғаларлық па-де-де түрлі ел көрермендерінің көңілінен ерекше орын алған.

Ф.Мендельсонның ми минор ор.64 оркестрмен скрипкаға арналған концертінің музыкасына қойылған С.Бертоның таңдаулы «Ренессанс» балетімен екінші бөлімнің шымылдығы ашылады. Бүгінгі таңда жасалған классикалық стильдегі қойылым париж опера театры әртістерінің дарынын аша түседі. Бірегей әрі сәнді костюмдерді әйгілі француз модельері, Бальмен сән үйінің креативті директоры Оливье Рустен жасады.

«Өлім алдындағы аққу» солосы К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» сюитасынан алынған «Аққу» пьесасының музыкасына М.Фокинмен қойылды. Аққудың нәзік бейнесі өмір үшін күрес нышанына айналады, сезімінің шынайылығы әрі күштілігімен ол жер бетіндегі барша жанның жүректерін тебірентеді.

Кеш барлық әртістердің қатысуымен орындалатын К.Чернидің «Этюд» музыкасымен аяқталады. Труппа күрделі би қимылдары, романтикалық лирикамен қатар классикалық айбындылық, әсерлі секірулер мен пируэттерді ортаға салады. Солистер классикалық балеттің әсемдігі мен қуаттылығын, жоғары деңгейдегі өнер көрсетудің шаттығы мен толғанысын жүректерге жеткізе білуі тиіс.

Әртістер француз балет мектебінде тарихи тұрғыдан қалыптасқан XIV Людовиктен бастап қазіргі заманға дейінгі, Версальдан Гарнье Операсына дейінгі ежелгі би өнері дәстүрін жалғастырушылар болып табылады. Париж ұлттық операсы труппасының күш-жігері мен құлшынысы асқақ өнерді бағалаушы елордалық қауымның жадында мәңгілікке сақталып қалары анық.

Жоба «Қазақ әуендері» қоғамымен бірге жүзеге асырылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер