BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мұхамедиұлы «қара архелогиямен» заңнамалық деңгейде күресуді ұсынды

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Парламенті Мәжілісінде «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобаларын таныстырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оның айтуынша, тарихи-мәдени мұра объектілерінде жүргізілетін археологиялық, реставрациялық жұмыстарды реттеу мәселесі қайта қарауды талап етеді.

«Біздің бірегей ескерткіштеріміз немесе әлі зерттелмеген объектілер көбінесе «қара археологтар» тарапынан іздестіру мен қазба жұмыстарына ұшырап жатқаны құпия емес, олардан кейін ескерткіштер ашық күйде қалып немесе толықтай жойылады. Сондай-ақ, тарихи-мәдени мұра объектілеріне іргелес аумақтарда жүргізілетін қарқынды құрылыс жұмыстарының тарих және мәдениет ескерткіштерінің тарихи тұтастығына және сақталуына елеулі әсерлері тиіп, теріс салдарға әкеліп соғып жатқан жағдайлар да кезедеседі», - деп атап өтті Мұхамедиұлы.

Министрдің сөзінше, құқықтық салада нақты реттеуді талап ететін және тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасауды қажет ететін міндеттерді күшейту керек.

Осы орайда, заңнамалық деңгейде:

- тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау және есепке алу, сондай-ақ олардың жағдайын мониторингтеу тәртібін бекіту;
- тарихи-мәдени мұра объектілерінің түпкілікті тарихи келбетін сақтау мен пайдаланудың сапалы жаңа механизмдерін енгізу;
- археологиялық жұмыстарды жүргізу және «қара археологияға» қарсы күрес ережелері мен шарттарын бекіту;
- қорғау аймақтарында жер учаскелерін пайдаланудың құқықтық режимін, тарих және мәдениет ескерткіштерінің құрылысты салуды реттеу, табиғи ландшафт аймақтарын пайдаланудың құқықтық режимін анықтау ұсынылады.

Заң жобасын әзірлеу процесінде халықаралық тәжірибе зерделеніп, ескерілген.

«Ресей заңнамасында заңсыз археологиялық ізденістерді жүргізу, археологиялық заттарды жымқыру, артефактілерді мемлекетке өткізуден жалтару және т.б. үшін «қара археологияға» қарсы тұру шаралары енгізілген, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді Мәдениет және спорт министрі.

Еліміздегі "қара археологияның" жай-жапсарын мына жерден оқуға болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер