BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алматы облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды

Астана, BAQ.KZ. Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, тарихшы ғалымдар, репрессия құрбандарының ұрпақтары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі А. Баталов біршама жыл бұрын қуғын-сүргіннің 4 мың құрбаны жерленген Жаңалық ауылына Мемлекет басшысының бастамасымен ескерткіш қойылғанын, содан кейін жақын маңайын мемориалды кешен жасауға бағытталған жұмыстар басталғанын айтты.

«Бүгін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылып отыр. Мемлекет басшысы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да еліміздің тарихи кезеңдеріндегі «Ұлы Дала тұлғаларын» зерттеу мен таныту туралы айтқан болатын. Осыған орай біз тарихи жылдар оқиғасын, жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімдерін, Алаштың ірі қайраткерлерінің, қыршын кеткен боздақтардың ерлігін жаңғыртуды, болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат еттік. Мұндағы экспонаттар әлі де толықтырылады. Алдағы уақытта экспонаттар көбейіп, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары жәдігерлер әкеліп тапсырып жатса, музейді қосымша кеңетуге мүмкіндік қарастырылған», - деді өз сөзінде А. Баталов.

Сонымен қатар Мемлекеттік орталық музейдің директоры, ғалым Нұрсан Әлімбай сөз алды. Музей ашудың маңыздылығына тоқталып, осы істі абыроймен атқарып шыққан облыс басшылығына алғыс айтты. Сондай-ақ бұл аза тұту, еске алу орны ғана емес, болашақта ғылыми-зерттеу орталығы ретінде қызмет етуі тиістігін де атап өтті.

«Әділет» қоғамдық ұйымының атынан жазушы, публицист, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев ұйымның қуғын-сүргін құрбандарына қатысты зерттеу жұмыстарындағы, репрессия кезеңінің тарихи шындығын ашудағы еңбектеріне тоқталып, музейдің мазмұндық жағынан толықтырлуына қосқан үлестері жайлы айтты.

Салтанатты шара барысында келушілер музейдің ішін аралап, барлық 3 залда ұсынылған жәрігерлермен танысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ облыс әкімі А. Баталов музейге келуші қонақтарға арналған Тілектер кітабына пікірін жазып, қолтаңбасын қалдырды.

Атап өтсек, музейдегі жаңа 3 экспозициялық залда: «Қазақстандағы 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы», «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» («Реквием» залы) және «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы мен оның қызметіне қатысты экспонаттар қойылған.

1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін тарихы туралы бірінші залдың экспонаттары арқылы танысуға болады. Олардың қатарында, жерлестеріміз, қазақ зиялылары – М.Тынышпаев, І.Жансүгіров, Ж.Күдерин және басқалары туралы фото құжаттық материалдар бар. Сонымен қатар, осы залда Алматы облыстық полиция департаменті архивінен алынған, Алматы облысы бойынша тұтқынға алынғандардың, соның ішінде қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталғандар ісінің көшірмелері қойылған.

Сталиндік лагерьлердегі тұтқындардың өмірі төрт диорамада ашып көрсетілген. Жаңалық ауылында атылып, жерленгендердің жеке заттарын да осы залдағы тақырыптық бөлімдерден кездестіруге болады.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» залында жазықсыз жазаланған 4125 адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қабырғаларына ілінген. Олардың қысқаша өмірбаянымен де осы жерде танысуға мүмкіндік бар.

«Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының қызметіне музейдің 3-ші залының экспозициясы арналған.

Жалпы, музейдің құрылысына жергілікті бюджеттен 260,3 млн. теңге жұмсалған. Материал жинақтау, жәдігерлерді дайындау бағытында қыруар жұмыс атқарылды. «Нұр-Шапағат-Құрылыс» компаниясы мердігер мекеме ретінде құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың наурыз айынан бастаған болатын. Музейдің жалпы алаңы - 635 шаршы метр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер